ШЫМКЕНТТЕ ЖЕР САЛЫҒЫ ӨСЕДІ

723

Шымкенттің республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болуы салық төлемдеріне де өзгерістерін әкеліп жатыр. Өткен жылдың 19 маусымында республикалық маңызы бар қала мәртебесіне өткен шаһар тұрғындары 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жер салығын басқаша төлейді. Дәлірегі, Шымкенттегі жер салығының мөлшері Елордамен теңеседі.

1 қаңтардан бастап Шымкентте жер салығының мөлшерлемесі шаршы метріне 9,17 теңгеден 19,3 теңгеге өседі. Атап айтқанда, қазір шымкенттіктер тұрғын үй қорына алынбаған жердің бір шаршы метріне 9 теңге 17 тиыннан төлеп келеді. Енді осы мөлшерлеме 19 теңге 30 тиынға ұлғаяды.
Ал тұрғын үй қорына алынған жердің бір шаршы метріне 0,96 теңгеден салық төлейді. Сондай-ақ, Шымкентте тұрғынжайдың базалық мөлшерлемесі бір шаршы метріне 60 мың теңге болады.
Бұдан бөлек, Түркістанда бір шаршы метр жердің салығы 9,17 теңгеден болса, тұрғын үй қорындағы жердің шаршы метріне 0,58 теңгеден есептеледі. Тұрғынжайдың бір шаршы метріне 36 теңгеден белгіленген.

Айта кетсек, қазіргі таңда Шымкенттің кіріс мөлшері шығысынан асып түседі. Ел үкіметінің жоспарына сәйкес, Шымкент 2025 жылға қарай донор қалаға айналуы күтіліп отыр.

«Оңтүстік Рабат», №32, 7 тамыз 2019 ж