Жұмыс беруші қызметкерлері үшін өз қалтасынан жарна төлейді

125

Елімізде зейнетақы аударым-дарының жаңа ережелері жасалды. Жаңа шешімге сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс беруші зейнетақы қорына әрбір қызметкері үшін өз есебінен қосымша міндетті төлемдер төлеуі тиіс. Бұл жұмысшы жалақысының 5%-ын құрайды. Осылайша, ай сайын Қорға 35 млрд теңге шамасында ақша түсіп отырмақ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осылай деп болжап отыр.
Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, жұмысшылардың еңбек өтіліне сәйкес келетін лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету мақсатында жасалған бұл шешім бойынша қызметкердің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына ай сайын өзінің міндетті зейнетақы аударымдарынан бөлек, жұмыс беуішінің есебінен де жарна аударылмақ.
Айта кетейік, заңға бұл өзгеріс 2015 жылдың 2 тамызында енгізілген. Оны іске асыру 2018 жылы көзделіпті. Алайда, МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ CАҚТАНДЫРУ жүйесін енгізуге байланысты кейінге қалдырылған болатын.
Сонымен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер үшін не өзгереді және бұл өзгерістің қазақстандықтардың зейнетақысына қандай әсері бар?
1.ЗЕЙНЕТАҚЫ АУДАРЫМДАРЫ-НЫҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының 15 пайызы БЖЗҚ-ға аударылады. Оның 10пайызы қызметкердің міндетті зейнетақы жарнасы, 5 пайы­зы жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төленбек.
2. АУДАРЫМДАР КІМДЕРГЕ АУРАДЫЛАДЫ?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, бұл жаңалық барлық жұмыс істейтін азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын адамдарға қатысты.
ТЕК:
– азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде жұмыс істейтін және қызмет көрсететін адамдарға;
– зейнет­керлерге;
әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне;
– еңбек сіңірген жылдары үшін зейнет­ақы төлемдерін алушыларға;
– өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылатын отставкадағы судьяларға қатысы жоқ.
3. ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРМЕК?
Зейнетақы – еңбек өтілінен, жалақының мөлшерінен, зейнетақы аударымдарынан құралады. Енді оның соммасына ЖМЗЖ әсер ететін болады.
Мысал үшін еңбек өтілі 33 жыл, еңбекақысы 172 мың теңге (бүгінде орташа жалақы) қызметкерді алайық. 33 жыл ішінде қызметкердің жалақысының 10 пайыздық зейнетақы жинақтары шамамен 12,7 млн теңгені құрайды. Бұл орайда, жалақының өсуі ескерілмейді. Еңбек демалысына шыққан кезде қызметкердің зейнетақысы 140 мың теңгені құрайды, оның ішінде жинақтау – 110 мың теңге, базалық – 30 мың теңге. Алайда мұндай жағдайда жұмыс берушінің жарнасын енгізу есебінен (ЖМЗЖ) қызметкердің зейнетақысы 50 мың теңгеге ұлғайып, 190 мың теңгені құрайды.
4. ЕҢБЕК ӨТІЛІ ЗЕЙНЕТАҚЫ МӨЛШЕРІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Зейнетақымен қамсыздандыру еңбек өтілімен тікелей байланысты.
1998 жылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғанын білесіздер. Содан бері осы қорға жалақының 10 пайызы міндетті түрде аударылып отыр. Ал оған дейін мұндай жарна аударылған жоқ. Зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын еді. Сондықтан, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейiн әйелдерде 20, ер адамдарда 25 жыл еңбек өтiлi болуы керек.
Қазіргі таңда еңбек өтілі қорға аударылған жарнаға байланысты есептеледі. Сонда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі ескеріліп, ал 1998 жылдан кейін қорға аударылған міндетті зейнетақы жарнасына байланысты ынтымақты зейнетақы алады. Байқап қарасаңыз, екі тұста да еңбек өтілі есептеліп тұр.
Жинақталған зейнетақының соммасына – зейнетақы аударымдарының мөлшері, төлем ұзақтығы және уақытылы үзілмей аударылғаны ескеріледі.
Министрліктегілердің айтуынша, 5 пайыздық жарнаны енгізу базалық және ынтымақтық еңбек өтілімін есептеуде әсер етпейді.
5. МҰРАҒА ҚАЛДЫРУҒА БОЛАДЫ МА?
Жұмыс берушілерден келіп түскен 5 пайыздық зейнетақы жарналары жеке тұлғалардың меншігі болып саналмайды және мұраға қалдырылмайды.
6. ТИІМДІЛІГІ
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын 6,6 млн қазақстандықтың 10 пайыздық зейнетақы аударымы қорға түседі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыс берушілердің орташа саны – 670 мың адам. Ай сайын БЖЗҚ-ға түсетін 10 пайыздық аударымдардың орташа соммасы – 70 млрд теңгені құрайды. ЖМЗЖ енгізу бұл сомманы 35 млрд теңгеге арттырады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 2,2 миллион зейнеткер бар. Ал 2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері – 85697 теңге, оның ішінде базалық зейнетақы – 26978 теңге, ортақ зейнетақы – 58719 теңге.
Қазақстанда ерлердің зейнеткерлік жасы 63 болса, әйелдердің биылғы зейнет жасы – 58 жас 6 ай. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңының 11-бабы бойынша әйелдердің зейнет жасы 2027 жылға де­йін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады. Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Қазақстанда зейнетақының аздығы – бұрыннан айтылып келе жатқан мәселенің бірі. Құзырлы орындардың айтуынша, жаңа шешім аталған мәселені шешуге көмектеседі. Дегенмен, жұмысшылар жаңа жарнаның енгізілуі ресми жалақының төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін дегенді алға тартады. Бірақ, министрліктегілер мұнымен келіспейді. Олардың сөзінше, жалақының мөлшері еңбек келісімшартында алдын-ала көрсетіледі. Келісімшартқа өзгеріс тек екі жақтың келісімі бойынша енгізіледі. Егер мекеме әлеуметтік аударымдарды азайтып төлейтін болса, салық мекемесі оны бірден байқайды.
Ал егер, жұмыс беруші тарапынан еңбек құқығыңыздың бұзылғанын байқасаңыз, онда жұмыс орнына қарасты еңбек инспекциясына хабарласыңыз. Еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция комитетіне де хабарласуға болады. + 7 (7172) 74-34-91, 74-35-72.
Айтпақшы…
2020 жылдан бастап еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері орта есеппен 30 пайызға артады деп күтілуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осылай деп отыр.

«Оңтүстік Рабат», №33, 14 тамыз 2019 ж