7-20-25 бағдарламасы бойынша пәтер алуға 900-ге жуық азамат құжат тапсырған

149

Шымкентте 7-20-25 бағдарламасы бойынша пәтер алуға 900-ге жуық азамат құжат тапсырған. Олардың 400-ден астамының өтініші қанағаттандырылған. Бұл туралы қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының жыл бойына атқарған жұмыстары қорытылған жиында айтылды. Сала басшысы халықты баспанамен қамтудағы жоспарларымен де бөлісті.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Шымкентте былтыр мыңнан аса отбасы баспаналы болған. Ағымдағы жылы тағы «Шымкент Сити» қалашығында орналасқан 10 көпқабатты 540 пәтерлі арендалық тұрғын үй пайдалануға тапсырылған. Оның 200-ге жуығы көпбалалы аналарға, 100-ден астамы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, қалғаны әлеуметтік әлсіз топ өкілдеріне берілген. Қазір 7-20-25, 2-10-20 бағдарламалары аясында халықты баспанамен қамту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде дейді сала басшысының міндетін атқарушы.

Осыған дейін «Бақытты отбасы » бағдарламасы аясында 16 азамат пәтерлі болған. Жыл соңына дейін қалада 800 пәтерлік 14 арендалық тұрғын үй мен 600 – ден аса кредиттік үй пайдалануға беріледі дейді жауаптылар.

Айта кетейік, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында қалада 152 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткен. Оның ішінде 10 көпқабатты тұрғын үй биыл жөнделген. Жауаптылар алдағы уақытта осынау бағдарлама аясында шаһардағы күрделі жөндеуді қажет ететін басапаналарды қалпына келтіру қолға алынады дейді

Мақпал Рысбаева