Алимент ала алмай жүрген аналар жәрдемақыға да қол жеткізе алмай отыр

400

Борышкерлердің жауапсыздығынан мемлекеттің қамқорлығынан қағылған тұрғындар бүгін Шымкентте ұйымдастырылған «Ашық есік күні» шарасына келді. Прокуратура мен Әділет саласының өкілдері бірлесе қолға алған бұл жиында жауаптылар азаматтарға құқықтық кеңестер берді.

Әйгерім Айбасова 8 жылдан бері бұрынғы күйеуінен алимент ала алмай жүр. Айтуынша, сот орындаушылар түрлі себеп-сылтаулар айтып, борышкерден әлі күнге дейін тиісті төлемді өндіре алмай келеді екен.
Борышкерге алименттен жалтарғандарға көрілетін шетелге шығу, көлік жүргізу құқықтарынан айыру сияқты түрлі шектеулер қоюға да асығар емес, дейді. Салдарынан 10 жасар қызымен пәтер жалдап тұратын келіншек мұқтаж отбасыларына тиесілі атаулы әлеуметтік көмектен де қағылып отыр.

Әйгерім Айбасова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Маған алимент алмаймын болмаса аламын деген құжат қажет. Соны сот орындаушыдан сұрасам бере алмайды».

Айта кетейік, қалада бүгінде 8 мыңнан аса азамат тірі жетім қып тастап кеткен перзентіне алимент төлеуден жалтарып жүр. Балаларына қамқорлық көрсете алмаған 90-нан астам әке биыл әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда әділет саласының өкілдері борышкерлерді айыппұлға тартсақ, іс тіпті насырға шауып кете ме деп қауіптеніп отыр.

Азамат Рысжанов, Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары: «Айыппұлды қамауға алумен алмастырып отырмыз. Себебі, ол шиеленісіп кетеді. Айыппұлды төлей ме, алимент төлей ме?».

Жыл басынан бері алименттен қарызы бар 14 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда борышкерлердің бірі де жазаға тартылмапты. Заңның солқылдақтығы болса керек, қылмыстық құрамы болмағандықтан істердің барлығы да қысқартылған.

Мақпал Рысбаева