Арыстағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың 98 пайызы қалпына келтірілді

166

Арыс қаласында жаңа шағынаудан пайда болды. Қазір онда 50-ге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Бүгін қалаға іс – сапармен келген ел Премьер – министрі Асқар Мәминге жарылыстан кейін қалпына келтірілген құрылыс нысандары таныстырылды. Үкімет басшысы бастаған жұмыс тобы тұрғындармен кездесіп, әлеуеметтік маңызы бар нысандарда болды.

Үкімет басшысы бастаған жұмыс тобы іс – сапарын жаңа шағынауданнан бастады. Салынып жатқан тұрғын үйлерге кіріп, құрылыс барысымен танысты. Қазір елдімекенге инженерлік-коммуникациялық жүйелер жүргізіліп жатыр дейді мердігерлер.

Мұнда бой көтеріп жатқан 50 үйдің жартысынан астамының құрылысы аяқталуға жақын. Су жаңа баспаналарға әскери гарнизон аумағындағы үйлері қатты зақымданған 40 отбасы қоныстанады дейді жергілікті билік өкілдері.

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі: “Қалған 10 баспана кезегінде тұрғандарға беріледі. Жыл соңына дейін толықтай аяқтаймыз. Бұйыртса желтоқсан айында қоныстанады”.

«Самұрық Қазына» ҰӘҚ апат болған аймақта 68 әлеуметтік нысанды жөндеуді өз мойнына алған. Соның бірі – қаладағы теміржол вокзалы. Құрылысшылар нысанды 2 айдан аса уақыт аралығында толығымен жөндеп біткен. Үкімет басшысы 1904 жылы салынған нысанның жаңа келбетімен танысты.

Арман Жетпісбаев, «Самұрық Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасының орынбасары: “Теміржол вокзалындағы жөндеу жұмыстары төлқұжатына сәйкестендіріліп жүргізілді. 400 млн. теңгенің көлемінде қаржы жұмсалған”.

Асқар Мамин іс-сапары барысында вокзалды аралап көріп, абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Тек ғимарат қана емес, вокзалдың инженерлік-коммуникациялық желілері де толығымен жаңартылды. Айналасы да абаттандырылған.

“Арыс қаласындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар қазір 98 пайызға қалпына келтірілді” дейді жергілікті билік өкілдері. 66 нысан мен 7 мыңнан аса тұрғын үй жөнделіп, ел игілігіне тапсырылған. Қалған он үйдің құрылысын қыркүйек айына дейін аяқтаймыз дейді шенеуніктер.

Мақпал Рысбаева