Мемлекетке 50 миллион теңгеге жуық қарызы бар борышкер неге табылмай келді?

116

Шымкентте мемлекетке 50 миллион теңгеге жуық берешегі бар борышкер енді ғана табылып отыр. Оған жыл бұрын мемлекеттік сот орындаушылар тарапынан іздеу жарияланғанымен, құзырлылар нақты әрекет жасамаған. Тіпті көші-қон полиция қызметкерлері де борышкерді анықтауға асықпапты. Бұл жөнінде Шымкент қаласының прокуратурасы мәлімдеді.

Осылайша, сала қызметкерлерінің жұмысына күмәнмен қараған прокуратура іске өздері араласып, «фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы мемлекетке миллиондаған қарызы бар адамның мекен-жайын анықтаған. Қадағалау органының өкілдері сол күні 1982 жылғы азаматты сот орындаушыларға жеткізді. Зерделеу кезінде оның құрылыс компаниясы бар екені анықталған.

Руслан Зауырбеков, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «Борышкер міндетті төлемдерді ірі мөлшерде төлеуден жалтару мақсатында, Салық Кодексінің 231, 256 баптарының талаптарын өрескел бұзып, 2011-2015 жылдар аралығында өзі басшылық жасаған кәсіпорынның салық органдарына тапсырған кезекті және қосымша салық декларацияларына кірістер және шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізу және салық салынатын басқа да обьектілерді жасыру жолымен мемлекеттік бюджетке төленетін жалпы 46 миллион теңгеден астам қарызы бар. Борышкерге қатысты сот актісін орындамағаны үшін әкімшілік іс-өндірісі қозғалып, 12 625 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот шешімінің әр қарайы орындалуы бақылауда болады».

Мөлдір Бекеева