«Автобусты қайтармаймыз». Арнамызға арызданған «Достық» шағынауданының тұрғындары осылай дейді. Айтуларынша, балалаларын мектепке тасу үшін әкімдіктен бөлінген көлік енді бұл бағытқа қатынамайды. Ал шенеуніктер көрші шағынаудандағы мектепке балалар қоғамдық көлікпен баруына болады деп отыр.
«Достық» шағынауданында тұратын оқушылар күн сайын осы атвобуспен мектепке барады. Елдімекендегі білім ғимаратына сыймаған бұл шәкірттер көрші «Асар» шағынауданындағы №89 мектепке қатынайды. Ата-аналар былтыр жергілікті әкімдіктегілерден қайран болмаған соң министрлікке арызданып, осы автобусқа қол жеткіздік дейді. Ескірген көлікті халық жамап-жасқап әжетке жаратып келеді екен. Ата-аналар енді одан да айырылып қаламыз ба деп алаңдап отыр.
Света, ата-ана: «Алты балонын ауыстырдық, майын ауыстырдық, 200 мың теңге кетті. Ал енді алып қоймақшы мұнымен Асардың балаларын тасимыз деп отыр».
Ата-аналар бұл көлік бізге шағынауданда мектеп салынғанға дейін берілген болатын дейді. Ал екі елдімекеннің аралығына қатынайтын қоғамдық көлік қызметін бірінші сынып оқушылары пайдалана алмайды деп отыр.
Жадыра Қойшыбаева, ата-ана: «Дайындық сыныбы мен бірінші сынып оқушылары жоғалып кетеді. Онсыз да осының өзінде әрең қорқып жібереміз».
Ал салаға жауаптылар қоғамдық көлік қарастырылғандықтан «Достық» шағынауданы оқушыларына «Асар» елді мекеніндегі мектептерге қатынау үшін арнайы автобус қажет емес дейді. Басқарма басшысының айтуынша 20 минут арақашықтықта қатынайтын көліктер балаларды діттеген жеріне жеткізеді.
Қуатжан Жұматаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы: «Биылдан бастап «Достық» пен «Асар» шағынаудандарына 45 маршрут жүреді».
Қалай дегенмен де, балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы ата-аналар арнайы көліктен бас тартқысы жоқ. Жергілікті билік өкілдерінен қайран болмаса, арызданып астанаға дейін баратындарын айтады.
Мақпал Рысбаева