Шымкентте «Абайлаңыз, балалар!» акциясы басталды

901

«Абайлаңыз, балалар!» Шымкентте жаңа оқу жылында ауқымды шара басталды. Бұл жоба аясында мектеп оқушылары жол жүру ережелерін ғана емес, көшеде өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуді де үйренеді. Осының бәрі қалалық полиция департаменті қызметкерлерінің үйретуімен болады. Ондағы мақсат — мектеп жасындағы балаларды жол-көлік апаттарынан сақтандыру.

Жаңа оқу жылы, жол қозғалысы қайнаған шақ. Абыр-сабыр. Бұл кезде жаяу жүргіншілердің де қатары анағұрлым артқан. Дені — мектеп оқушылары, бүлдіршіндер. Бауыр еті баласының өмір қауіпсіздігі үшін алаңдаған ата-ана да қазір балаларын мектепке өздері әкеліп, өздері әкетуге көшкен.

Ата-аналардың қазіргі көмекшісіне айналған тәртіп сақшыларын өзіміз де көрдік. Полицейлер мектеп оқушылары үшін жол қозғалысын реттеп, тіпті жолдан өздері алып өтіп жүр. Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшылығының айтуынша, «Абайлаңыз, балалар!» жобасы аясында балалардың қауіпсіздігі үшін тәртіп сақшыларының арнайы жұмыс кестесі де жасалыпты.

Ерғали Сүлейменов

Ерғали Сүлейменов, Шымкент қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы: «Балалар мектепке келгенге дейін, яғни таңғы сағат 7-30-дан 9-30-ға дейін, сосын 12-30-дан, 14-30-ға дейін біз бақылап, қадағалауда ұстаймыз. Кешкі уақытта 17-30-дан 19-30-ға дейін осы мектептердің алдындағы жаяу жүргіншілер жолының алдында тұрып, оқушылардың қауіпсіздігі үшін қызмет атқарамыз».

Айта кетейік, «Абайлаңыз, балалар!» акциясы биыл кезекті рет қолға алынып, ауқымды жоба оқу жылының соңына дейін жалғасады. Және соңғы жылдары мектеп алдында жаяу жүргіншілер жолағы бойында мектеп оқушыларының өлімі немесе жол-көлік оқиғасы тіркелмеген.

Мөлдір Бекеева