Сапасыз құрылыстың себебі

258

Құрылыс саласында мәселелер шаш етектен. Ғимаратты жобалаумен заңгер, оны салумен көрінген көк атты айналысып кетті. Соның салдарынан салынған үйлер сапасыз шығып жатыр. Бұл туралы Қазақстан құрылысшылар одағының Шымкент қаласындағы филилалында өткен жиында айтылды. Одақ ұйымдастырған жиында құрылысшылар тағы қандай мәселе көтерді?

Құрылыс саласындағы жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекеме басшылары бас қосқан жиында саланың ақсап тұрған тұстары тілге тиек болды. Соның бірі – білікті құрылысшылардың тапшылығы. Жобалауды заңгер, ғимарат салумен көрінген көк атты айналысып кетті. Мұны шешудің бірден бір жолы ЖОО-да білікті маман даярлау дейді құрылысшылар.

Айта кетейік, одақ мүшелерінің бұл екінші жиыны. Бұған дейін, құрылысшыларға қатысты түрлі ұйымдар болған. Алайда, олар құрылысшының мүддесін қорғай алмай, сенімді ақтамапты. Сондықтан да, жиынға келген басқарма басшыларына ескерту айтылып, құрылыстың даму жолында қоян қолтық жұмыс істеуге шақырды.

Құттыбек Жамашев, Қазақстан құрылысшылар одағы Шымкент қаласындағы филиалының директоры: «Қателік ең бірінші жобалау кезінде басталады. Сараптамадан өткізу кезінде кедергілер шығып тұрады. Мемлекеттік сатып алу конкурсында да осы мәселе».

“Жиында қаралған мәселелер бірден шешімін табады деп айта алмаймыз” дейді ұйымдастырушылар. Себебі, қордаланып қалған проблемаларды кезеңімен шешу қажет. Құрылыс саласындағы соңғы жылдары қабылданған реформалардың кей жері тиімсіз екенін уақыт көрсетіп берді дейді құрылысшылар.

Ғалымжан Кенжебек