Шымкент қаласының бюджетіне бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Республикалық бюджеттен бөлінген 22 млрд теңгеден астам қаражатты бүгін қалалық мәслихаттың депутатары салаларға бөлді. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 57 сессиясында бюджетте біраз өзгерістер орын алды.
Республикадан бөлінген қаржының жартысына жуығы, яғни 10 млрд. теңгесі халыққа атаулы әлеуметтік көмек төлеуге жұмсалатын болды. Тағы 60 млн. теңге 4 аудан әкімдіктеріне де бөлінді. Олар бұл ақшаны ауданның санитарлық тазалығын жақсартуға жұмсайды. Бүгін депутаттар алдына арнайы келген қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр қала бюджетінде қаражаттың не себепті тапшы екенін баяндап берді.
Бір сөзбен айтқанда Шымкент қаласы республикалық мәртебе алып облыстан бөлінген кезде шаһар өзінің үлесін толық алмаған. Одан қалса қаражатты жұмсау механизмі дұрыс қалыптастырылмаған дейді қала әкімінің орынбасары. Нәтижесінде басталған құрылыстар сағызша созылып, сақалды құрылысқа айналған. Соның бір мысалы Адырбеков, Байтұрсынов және «Тұран» шағынауданындағы 7 көшенің құрылысы.
Айтылған дәйектерді толық тыңдап өз сауалдарын жолдаған депутаттар баяндамашыға қаржының дұрыс жұмсалмауына жауаптыны да анықтап беруді сұрады.
Депутаттар қалған қаржыны білім, мәдениет, көлік, құрылыс салаларына қарастырылды. Қорыта айтқанда республикалық маңызы бар қаланың бюджеті 237 млрд. теңгені құрады.
Нұрлан Күдерұлы