Еңбекші ауданының тазалығы үшін қазынадан қанша қаржы бөлінген?

183

Еңбекші ауданының әкімі қоқыс шығарып жүр. Оған тұрғындардың наразылығы себеп болды. Қоқыс алаңшаларында тау боп үйілген қоқыстан зәрезап болған тұрғындар тазалық мекемелерінің жұмысына өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, бір аудандағы қоқысты тазалайтын бірнеше мекеме бір — біріне сілтеп, өз шаруасын тиянақты атқармайды. Салдары «қойшы көп болсаның…» кебі боп тұр.

«Шымқала» қоқысханаға айналып барады». Осылай деп дабыл қаққан тұрғындар тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысын жүйелеуді талап етті. Бір ауданның қоқысын шығаруды міндетіне алған бірнеше мекеме «атқа жемді кім саларына» тартысып жүргенде, шаһар ластанып барады.

Бүгін Еңбекші ауданының әкімдігі «Теріскей», «Шығыс» шағын аудандарында болып, қоқыс алаңдарындағы қордаланған құрылыс қалдықтарын шығаруға қатысты.

«Тұрмыстық қоқысқа арналған контейнерлерге тұрғындар құрылыс қалдықтарын тастайды. Салдарынан жәшіктер қирап, қоқыс қордаланып қалады», — деп базынасын айтқан тазалыққа жауапты мекемелер  тазалыққа немқұрайлы қараған тұрғындарға әкімшілік шара көрілсе деген өтініштерін жеткізді.

Биыл Еңбекші ауданының әкімдігі тазалықа 200 миллион теңгеден артық қаражат бөлген. Бір ауданда тазалықа жауапты 5 мекеме бар. Әр мекеме өз міндетін дұрыс атқарса, тазалық мәселесі өз шешімін табары сөзсіз.