Шымкентте абаттандыру ережесі қабылданбақ

221

Абаттандыру ережесі қабылданбай миллион тұрғыны бар Шымкент қаласы таза қалалардың қатарына қосылмайды. Бұл жайында бүгін Шымкент қалалық ЭКШ басқармасы басшыларының өткізген баспасөз мәслихатында айтылды. Соңғы кездері шаһар аумағында қоқыс мәселесі күрделі болып тұр. Қоқыстың қордалануына шенеуніктер жергілікті тұрғындарды кінәлайды.

Шымкент қаласының санитарлық тазалығы үшін қала бюджетінен тиісті басқармаға 2 млрд. 498 млн. теңге бөлініпті. Одан бөлек жергілікті әкімдіктерге де қомақты қаражат қаралған Соған қарағанда қала көшелері мен аулалары мұнтаздай таза болуы тиіс. Алайда шымкенттік тұрғындар қордаланған қоқыстың ортасында отыр.

Шымкентік шенеуніктер қаланың ластануына жергілікті тұрғындарды кінәлап отыр. Айтуларынша тұрмыстық қоқысқа арналған контейнерлерге тұрғындар құрылыс қалдықтарын тастайды. Салдарынан жәшіктер қирап, қоқыс қордаланып қалады. Осындай қиындыққа тап болған тазалыққа жауаптылар ұсақ бұзақылыққа баратын азаматтарды қатаң жазалау қажет деп отыр.

Қала тұрғындарын тәртіпке шақыратын абаттандыру қағидасы жылдың соңына дейін әзірленеді. Осылай уәде берген шымкенттік шенеуніктер қазір тиісті құжатты әзірлеп жатырмыз деп сендірді. Бұл Нұр – Сұлтан мен Алматы қалаларының озық үлгісі.

Нұрлан Күдерұлы