Жетісайлық жас кәсіпкер кондитер цехын ашты

327

Орта және шағын бизнесті дамыту – жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірлердің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан да еліміздегі шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Сондай мемлекеттік қамқорлықтар мен өз мүмкіндігін ұштастыра білген жетісайлық жастардың бірі – Нұрболат Дінтаев. Кондитерлік өнерге анасына тәтті тоқаштарды пісірісуге көмектесіп жүрген бала күнінен қызығушылығы оянған Нұрболат ержете келе осы салада өз ісін бастаған. Осыдан 5 жылдай уақыт бұрын үйдегі шағын пеште тәттілердің түр-түрін жасап, туыстарын таңқалдырған жігіт бүгінде кәнігі кәсіпкер.

«2019-жыл — Жастар жылы» деп аталуына орай мемлекеттен жылдық үстемесі 1 пайызбен 2 млн теңге несие алып, бизнесінің ауқымын кеңейткен. Қолға тиген несиеге торттар мен тәттілерді пісіретін заманауи пештер мен қажетті құрылғыларды алған жас кәсіпкер өзінен бөлек тағы 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Бүгінде торттардың 10-ға тарта, ал, шайға арналған тәттілердің 15-ке тарта түрін пісіретін кондитерлік цехта өнім бағасы да қалтаға қонымды, 1500 теңгеден бастап 6000 теңге аралығында. Аудандағы бірқатар мейрамханалар мен тойханаларға, кафелерге өнімін өткізіп, елдің ықыласына бөленуде.

Әлеуметтік желілер арқалы да тапсырыстар қабылдайтын кондитерлік шағын цех басшылығы алдағы уақыттарда жұмысының ауқымын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтуді де жоспарлап отыр.