Түркістанда іскер әйелдер форумы өтті

362

Түркістан облысының бизнес ханымдары Түркістан қаласында бас қосып, әйелдер бизнесін дамыту жайында сөз қозғады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесінің «Әйел және бизнес» атауымен ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға Түркістан облысының қалалары мен аудандарынан 200-ге жуық нәзік жанды бизнес өкілдері жиналды. Бүгін олар тек сөзбен ғана емес, облыстың дамуына іспен күш салуға кірісуді бастады.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – әйел кәсіпкерлерге мәселені талқылау аймағын қалыптастыру және бизнестің жүйелі дамуына жол ашу.
Форумның жұмысы жергілікті әйел-кәсіпкерлердің өздерінің төл өнімдерін халыққа ұсынған көрмеден басталды. Олардың қатарында экологиялық таза косметика, қол-өнер бұйымдары, ұлттық киімдер мен қолмен пісірілген тәттілердің түр-түрі көздің жауын алды. Келуші қонақтар ұсынылған бұйымдарды тек тамашалап қана қоймай ұнағанын өзіне алуға да жағдай жасалды.

Қазіргі күнге дейін әйелдер басқаратын орта және шағын бизнестің 43% -і Түркістан облысына тиесілі. Ал әйелдер басқаратын кәсіпкерліктің саны 62 мыңға жеткен. Бұл сан күннен күнге өсіп, бүкіл саланың дамуына ықпал етуде. Бұл сөзді Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров астын сызып айтып өтті.

«Біздің ортамызда тек өз өмірін ғана емес бүкіл қоғамның өмір сүру дағдыларын жақсартуды қалайтын белсенді әйел қауымдары өте көп. Бәріне белгілі, қазіргі таңда бизнесті дамыту үшін жақсы жағдайлар қарастырылған. Тек жұмыс жасап, тәжірибе алмасып және қиындықтан қорықпау қажет. Бүгінгі форум – жаңа көптеген пайдалы жаңалықтар алмасу үшін ашық сөйлесу алаңы бола алады. Біз облыстық кәсіпкерлер палатасы әйелдер қауымын барлық жағынан қолдауға дайынбыз, біздің есігіміз барлығына ашық» ,- деді облыстық палатаның басшысы.

Айтып өтейік, Түркістан облысының әйелдері кәсіпкерлік құндылықтарды қалыптастыруды қолға алған «Бастау-бизнес», «Жас кәсіпкер» секілді оқыту бағдарламаларына белсене қатысады. Бүгінгі күнде «Бастау» бағдарламасы бойынша 5623 адам оқуды аяқтаған, олардың ішінде 2700 әйелдер қауымы. Гранттар мен несиелерді жеңіп алған әйел-кәсіпкерлердің саны алты жүзге жеткен. Ал «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 1608, олардың ішінде 710 әйелдер. Соның ішінде 400 өз бизнесін бастау мен дамыту үшін қаржыландыруға қол жеткізген.

Форумның аясында әйелдер, өз бизнестерінің шыңына шығу жолында жеткен жетістіктерімен қатар өз тәжірибелерімен де бөлісті. Бизнес бастаудың жолында кездесетін түрлі кедергілер мен қандай жағдайда оған қаржы ала алатыны туралы мамандар тематикалық мастер класстар өтті.

Шымкент қаласының іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, «Асыл Арман» корпорациясының басшысы Алма Архабаева өз тәжірибесімен бөлісіп, отбасылық өмір мен бизнесті қатар алып жүрудің жолдарын айтып берді.

Бір жылда атқарылған жұмыстарға есеп беріп өткен Түркістан облысының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы барлық аудандық кәсіпкерлер палатасында құрылған Іскер әйелдер кеңесіне іскер қыз-келіншектерді тарту және көмек көрсетудегі маңызды рөлін айтты.

«Қазір кеңестің құрамында – Түркістан қаласы мен облыстарынан жиналған 500 белсенді әйелдер бар. 2020 жылға қарай бұл санды 2 мыңға көбейтуді жоспарлап отырмыз. Мұнда тек ақыл-кеңес алуға ғана емес тәжірибе алуға да келуге болады. Аудандарда ұйымдастырылған түрлі оқыту курстары, бизнесвумендерге арналған форумдар осы мақсатта ұйымдастырылған болатын. Біз енді бастау алған бизнеске жол көрсетеміз және тиісінше қолдау да береміз»,- деді іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
Форумның аяқталу барысында әйелдер қауымының облыстық кәсіпкерліктің дамуына үлес қосқанын ескере отырып марапаттау рәсімі болды. Өңіріміздің бірқатар іскер қыз-келіншектері «Бизнес мақтанышы», «Үздік кәсіпкер», «Әйел кәсіпкерлігіне қолдау көрсеткені үшін» номинациялары бойынша марапатталды.