Көпбалалы аналарға тұрмыстық техника табысталды

403

Көпбалалы аналарға тұрмыстық техника табысталды. «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы оқыған аналарға қолдау ретінде «Нұр Отан» партиясының мүшесі тігін машинасы мен торт пісіруге арналған пештер сыйлады.

Өз кәсібін енді бастағалы отырған 70 ана осылайша күтпеген жерден сыйлыққа ие болды. Жыл соңына дейін тағы осындай 30 әйел бизнесіне қажетті сыйлыққа ие болмақ.

Көп сыйлықтың біріне Гүлнұр Байымбетова ие болды. 4 баланың анасы осыған дейін жұмыс істеп көрмеген. «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы оқыған келіншек ісмерлікті кәсіп етпек. «Тігін машинасы тірлігімді дөңгелетіп әкетуге үлкен көмек болды» дейді көп балалы ана.

Гүлнұр Байымбетова, көпбалалы ана: «Үш айлық курс оқығанмын өзім. Курстан кейін мемлекеттік грантқа қатыстым. Мемлекеттік гранттан 505 000 теңге ұтып алып, сол арқылы тірлік жасап жатырмын. Нұротандықтарға рақмет. Тірлігіңді дамыт деп сыйлық беріп жатыр. Алғысым шексіз».

«Нұр Отан» партиясы мүшелерінің мәрттік танытуы алғаш рет емес. Бұған дейін де әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы аналарға түрлі сыйлықтар табысталып келіпті. Ізгілікті іс әрі қарай да жалғасын таппақ.

Бахадыр Нарымбетов, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Мұны өзіміздің арамыздағы кәсіпкерлер беріп жатыр. «Мәртөбе» бастауыш партиясының басшысы Оразәлі деген азамат шықты арамыздан дархандығын көрсетіп. Бұл бірінші рет емес, осымен үшінші рет табыстап жатыр осы бағдарлама бойынша».

70 көпбалалы анаға 35 торт пісруге арналған пеш пен 35 тігін машинасын тарту еткен «Нұр Отан» партиясының мүшесі, жеке кәсіпкер Оразәлі Кенжебеков. «Кәсібін енді бастағандарға демеу көрсету басты мақсатым» дейді ол.

Оразәлі Кенжебеков, «Мәртөбе» бастауыш партия ұйымының төрағасы: «Тек қана азық-түлік, ақшалай ма көмек бере салғанның орнына, өзінің кәсібін дөңгелетуге сол арқылы кішкене нәпақасын табады ма деген ниетпен сондай заттарды әперіп жатырмыз. Бұл «Бақытты отбасы» деген партиялық жобаның аясындағы жоба. Бұл іс жалғасын таппақ».

Жылдың соңына дейін тағы 30 әйелге өз бизнесін бастауға қажетті техникалық заттар сыйға тартылады. Ұйымдастырушылар осылай әйелдер арасындағы жұмыссыздықты жойып, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қоспақ. Кәсіпкер осы мақсатта «Мәртөбе» тұрғын алабынан жеке қаржысына арнайы маман даярлайтын орталық ашуды жоспарлап отыр.

Меруерт Ахан