ТІЛСІЗ, ИІССІЗ, КӨРІНБЕЙТІН ЖАУ

321

Қыс таяп, күн суытып, жылу маусымы басталған сәттен-ақ улы газдан уланып көз жұму оқиғалары көбейеді. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, 2019 жылдың басынан улы газдан уланудың 7 оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 7 адам қайтыс болған. Соның ішінде үшеуі бала екен. Улы газдан көз жұму, зардап шегу оқиғалары көбейетін мезгілде Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ұдайы мәлімет таратып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Бекболатұлы Дербісовтың хабарлағанындай, қайғылы оқиғалар тұрмыстық газ құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан болған екен.
Осы орайда аталған департамент газдан уланудың белгілері, алғашқы көмек және сақтан шаралары туралы кеңес етеді.

Газдан уланудың белгілері

Улы газ дегеніміз – пайдаланылған газдың улы бөлігі. Көп жағдайда улы газдан улану көмірмен немесе газбен жағылатын пештерді немесе қазандықтарды дұрыс пайдаланбаудан туындайды.
Адамға дер кезінде көмек көрсету үшін мұндай уланудың негізгі белгілерінен хабардар болу қажет. Улы газ иіссіз болатындықтан, ауаның құрамында 0,08% көмірқышқыл газы араласқан кезде адамның басы ауырып, тұншығу белгілері сезіліп, улануы мүмкін. Көмірқышқыл газының концентрациясы 0,32% дейін жоғарылаған кезде сал ауруының белгілері байқалып, есінен тану жағдайлары болады (өлім 30 минуттан кейін келеді).
Концентрация1,2% асқанда 2-3 тыныс алудан кейін адам есінен танып, кемінде 3 минуттан кейін өлімге әкеледі.

Улану кезіндегі көмек

Мұндай жағдайда зардар шегушіге дәрігер келуіне дейін көмектің дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Ол үшін алдымен уланған адамды таза ауаға шығарып, аяғын сәл көтеріңкі күйде жатқызып, денесін тар киімнен босатып, мүсәтір спиртін иіскетіңіз. Егер адам есін біліп жатырса оған тыныштық және үзіліссіз оттегі қажет, мысалы газетпен желпуге немесе желдеткіш қосуға болады. Ал зардап шегуші тыныс алмай жатырса, алдымен тыныс алу жолдарын тазалап алып жасанды дем беру қажет. Әрине «Жедел жәрдем» қызметін шақырыңыз. Ол мүмкін болмаған жағдайда өмірлік маңызды функциялары қалыпқа келгеннен соң зардап шегушіні емдеу мекемесіне жеткізуге тырысыңыз.
Есіңізде болсын, уланған адамды қауіпті газ концентрациясы бар жерден алып шығу кезінде өзіңіз бірге уланып қалмас үшін бірінші кезекте өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету қажет. Сол үшін тез әрекет етіп, қол орамалы немесе дәке арқылы тыныс алу керек.

Уланудың алдын алу

Тұрмыстық жағдайда улы газдан уланудың негізгі себептеріне газ құрылғыларының ақаулары және оларды өз бетінше орнату, газ қондырғыларын орнату кезінде газ иісі шығатын құбырларын сыртқа шығармау, қолдан жасалған жылыту құрылғыларды пайдалану, жас балдарды қараусыз қалдыру, жылу беру маусымының алдында тиісті профилактикалық шараларды жүргізбеу (мұржаларды тазаламау, пештердің ақауларын тексермеу және оларды жөндемеу) жатады.
Расында, қарапайым қауіпсіздік шараларын барлығы да біледі. Дегенмен, улану жағдайы тіркелуде. Демек, кейбір адамдар үшін жаттанды әрі баршаға мәлім қағидаларды қайталауға тура келеді:
– тек жарамды жабдықтарды қолданыңыз. Пеш қалауларындағы жарықтар, тазаланбаған түтін тұрбасы сол сияқты «ұсақ-түйектер» ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
– пештер мен каминдерді қағидаларға сәйкес қолданыңыз. Желдету жүйесінің жұмысына жүйелі түрде тексеру жүргізіп, түтін тұрбаларын уақытылы тазалаңыз, пештер мен каминдерді қалауда тек кәсіпқой мамандарға жүгініңіз.
– автокөлік иелері, көлікжайда (гаражда) қозғалтқыш бөлігін қосулы күйде жұмыс жасамаңыз.

Жылу беру маусымында улы газдан абайлаңыз!

«Оңтүстік Рабат», №49, 4 желтоқсан 2019 ж