Жаңа жылдан бастап жәрдемақы қалай беріледі?

270

Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының тағайындалу тәртібі, сомасы өзгеретінін газетіміздің №47 (20.11.2019 ж) санында жаздық. Жағымды жаңалықтан құлағдар болған оқырмандарымыз редакцияға хабарласып жатыр. «Табысына қарамастан төленетін мемлекеттік жәрдемақыны алу үшін қайда және кімге бару керек?», «Қандай құжаттар қажет?», «Жәрдемақы мөлшері қандай болмақ?» деген сауалдарын жаудыруда. Оқырмандарымыздың көкейіндегі сауалдарды сала мамандарына жолдадық. Жауап келді.

ӘР БАЛАҒА – 10624 ТЕҢГЕДЕН

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Әнуар Ілеспаевтің айтуынша, жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы төленеді. Бұл дегеніміз – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған 4 және одан көп баласы бар отбасы ай сайын – 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін мемлекеттік жәрдемақы алып отырады.
– Мемлекет басшысының 2019 жылдың 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, кәмелеттік жасқа толмаған, тұрғылықты жері бір 4 және одан көпбаласы бар отбасылар, соның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орынында күндізгі бөлімде оқитын балалары бар отбасылар, кәмелеттік жасқа толған, бірақ оқу орнында оқыса (23 жасқа толғанға дейін) онда мұндай көпбалалы отбасына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Егер отбасының бір баласы – 23 жастан асса, отбасы көпбалалы (4 баладан кем) санатынан шығарылады. Мұндай отбасыға жәрдемақы төленбейді. Мәселен, отбасында 4 бала бар делік. Егер үйдің тұңғышы 23 жасқа толса, бұл отбасы көпбалалы санатынан шығарылады. Сәйкесінше, 4 балаға алып жүрген жәрдемақысы да тоқтатылады. 5 баласы бар отбасын қарастырайық. Үлкені 23-ке толды делік. Бірақ бұл отбасында одан бөлек 4 бала бар. Сол қалған балалардың бірі 23-ке толмағанша бұл отбасына жәрдемақы беру тоқтатылмайды. Бұл отбасы 4 бала үшін жәрдемақы алып отырады,-дейді Ануар Ілесбаев.
Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай анықталады екен. Яғни, 2020 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша әр балаға 10625 теңгеден тиеді.
Сонымен:
4 балаға – 42 496 теңге,
5 балаға – 53 125 теңге,
6 балаға – 63 750 теңге,
7 және одан да көп баласы барларға – 74 375 теңге төленеді.

ЖАҢАДАН 8000-ға ЖУЫҚ ОТБАСЫ ҚОСЫЛАДЫ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Жомарт Үмбеталиевтің айтуынша, бұл жәрдемақы 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған арнаулы мемлекеттік жәрдемақының жалғасы. Яғни, 2018 жылға дейін көп балалы статусымен жәрдемақыға іліккендер мен 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақыдан қағылғандар жаңа жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақыны алып отырмақ.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аталған жәрдемақының мөлшері – 10504 теңге. Яғни 4 және одан көп баласы бар отбасылар ай сайын осы соманы місе тұтқан. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының базасында олардың саны – 20 188 отбасы деп тіркелген. Жаңа жылдан кейін мемлекеттік жәрдемақыны алушылардың қатары тағы да біршама артады екен. Бүгінгі күннің өзінде, база бойынша – 7954 отбасы анықталыпты. Алайда базада тіркелмеген, «Азаматтарға арналған үкіметке» бірде бір рет құжат өткізбеген тағы да қаншама отбасы бар. Сондықтан да мамандар 4 және одан да көп баласы бар, осы уақытқа дейін мемлекеттен ай сайын – 10504 теңге көлемінде жәрдемақы алмаған аналарды құжаттарымен ХҚКО-на немесе ауданы бойынша әкімшілікке жүгініп, өтініш жазуға кеңес береді.

Шымкентте
4-5 балалы
21415 отбасы бар

«Алтын Алқа» иегерлері – 2214

«Күміс алқа» иегерлері – 6056

«Батыр ана» атағын
алғандар – 510

І және ІІ дәрежелі
«Ана даңқы» орденімен марапатталғандар – 797

Ал осы уақытқа дейін жәрдемақысын алып келгендер (20188) мен базада тіркелген бірақ, жәрдемақыға ілінбеген (7954) аналарға даурығуға негіз жоқ. Бұл азаматтардың құжаттары автоматты түрде жаңартылып, ақша қайта есептеледі. Егер 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін отбасы нәрестемен толыққан болса, онда міндетті түрде сол нәрестенің құжаттарын тіркету керек. Себебі, жаңа жылдан бастап жәрдемақы бала санына қарай төленетінін естен шығармаған абзал.

16 967 ТЕҢГЕ ТАҒЫ БАР

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның сомасы – 16 967 теңгені құрамақ. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақталады. Ал егер ананың 6 және одан көп тірі баласы болса, және олар кәмілет жасқа толмаса, онда олар қосымша әр баласы үшін тағы да жәрдемақы алып отырады. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы да аталған жәрдемақыдан қағылмайды. Себебі, бұл жәрдемақыны тағайындауда, отбасылық табыс, өзгеде қосымша кіріс көздері ескерілмейді.
Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдері тағайындау бойынша, туындаған сұрақтар болған жағдайда түсініктеме, кеңес алу үшін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне хабарласып, ХҚКО-ына барып білуге болады.

ҚАЖЕТ ҚҰЖАТТАР

Жаңадан алатын азаматтар мынадай құжат тапсырады:
– Жеке басын куәландыратын құжат;
– Баланың (балдардың) туу туралы куәлігінің көшірмесі;
-Балаға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген немесе баланы асырып алғандығы жайлы растайтын құжат;
– Неке қию (бұзу) туралы куәлік;
– Өтініш немесе қажетті құжаттарды үшінші тұлғаның беруі жағдайында сенімхат;
– Банк шотының нөмірін ХҚКО өткізу қажет.

АЙТПАҚШЫ…

Аталған жәрдемақылардан бөлек тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар АӘК-ті және заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакетке қол жеткізеді.
АӘК мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленеді. Бұл дегеніміз – шамамен жан басына – 10054 теңге.
Ал заттай пакетке:
– Мектепке жасына дейінгі балалар үшін: балаларға арналған тамақ, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері;
– Мектеп жасындағы балалар үшін – мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері, жол ақысын өтеу;

1 жастан 6 жасқа дейінгі мектеп жасындағы балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет аясында келесі тауарлар ұсынылады:
– гигиена құралдары: балалар тіс пастасы, тіс щеткасы, балаларға арналған гипоаллергенді крем, сусабын, кір сабын және кір жуғыш зат (тоқсанына 1 рет);
– физиологиялық нормаларға сәйкес ғылыми-негізделген балалар үшін арналған азық-түлік жиынтығы (ай сайын 4710 теңге беріледі);
– стоматологиялық көмек көрсету кіреді.

А.ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №49, 4 желтоқсан 2019 ж