Жаңа жылдан бастап жанармай акцизі көтеріліп отыр, бұл бензин құнына әсер етеді. Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, баға он теңгеге өседі. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бензин акцизі екі еседен артық көтерілді, деп хабарлайды sputniknews.kz
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бензин акцизі екі еседен артық көтерілді — тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін. Бұл өз кезегінде бензин бағасына әсер етеді. Бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі.
Қазақстан үкіметі бензин бағасының өсуі инфляцияға қатты әсер етпейді деп сендіріп отыр.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, мұнай өнімдері акцизін өсіру әлеуметтік салаға бөлінетін бюджеттік қаржының орнын толтыру қажеттілігінен туындады.
«Республикалық бюджет жобасында әлеуметтік салаға алты триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған. 2019 жылы бұл мақсатқа 5,3 триллион теңге бөлінген еді», — деп атап өтті Смайылов.
Бұдан бөлек, микро және шағын бизнестің үш жылға салықтан босатылуы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін азайтады.
Тағы бір фактор — көрші елдердегі, атап айтсақ, Ресейдегі бензин бағасы, дейді үкіметтегілер. Мәселен, бізде АИ-91 бағасы 163 теңге болса, Ресейде литрі 260 теңге екен.
Бензин акцизін көтеру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке қосымша 50 миллиард теңге түседі деп көзделген.