Шаянда  салынған спорт кешені тұрғындар арасында дау тудырды

401

Шаянда  салынған спорт кешені тұрғындар арасында дау тудырды.

Тұрғын үйге деп берілген жерге футбол алаңшасы салынғалы көрші маңдағы үйлердің мазасы кеткен. Мәселеге ауыл ақсақалдары да араласпақ болған. Алайда кәсіпкер райынан қайтатын емес. Аудандық басшылар да бұл дауды шешуге қауқарсыз.

Шаяндағы жекенің ауласында салынған жабық футбол алаңы осы төңіректегі тұрғындардың жиі бас қосатын жеріне айналған. Бірі шынығуға, өзгесі кешеннің жабылуын талап етеді. Қайткенде де екі тараптың да көздегені салауатты өмір салты. Спорт нысанына жапсарлас тұратын тұрғындардан нысан іске қосылғалы ұйқы кетті дейді. Футбол алаңындағы айғай-шудан мезі болған.

«Өзім екінші топтағы мүгедекпін, жүрегім ауырады. Зияны болмайды деп салып еді. Қайдағы тарс- тұрс жер селкілдеп, ойын біткенше көзімізді ілмейміз. Биліктегілер ақ қарасын ажыратып, әділ шешім шығарып берсе», деп  өтініш жасауда  Шаян ауылының тұрғыны Жайсан Қожанова.

Көршілер арасындағы дауды өзара шешуге аға буын өкілдері де тырысыпты. Алайда нәтиже шықпаған көрінеді.

«Құлағым естімейді. Футбол алаңына барып едім айқайдан құлағым ашылып кетті. Айқай, дүрс-дүрс. Қойыңдар. Неше төлейсіңдер деп едім ішіп алғандар, біреу 5 мың теңге деді. Жанында дүкеннен арақ алып ішеді. Бұл спорт алаңы жастарымызды «алқаш» қылады»,- дейді ауыл  ақсақалы  Ырысдәулет Дүйсенбаев

Әділдік іздеп отағасы прокуратураға арызданып, Бәйдібек ауданы әкімінің қабылдауында болыпты. Мәселенің анық қанығын анықтау аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне жүктеліпті. Зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша арыз құзырлы органға жіберілген, жауап та келген.

«Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына арызды жібердік. Олар қазір шағын кәсіпкерлікті профилактикалық бақылау қадағалауға мораторий енгізу жарлығына сәйкес тескеру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болмады. Жер учаскесінің нысаналы мақсаты тұрғын үй бола тұра, кіші жабық футбол алаңы құрылысын жүргізген, жергілікті атқарушы органның осы нысанға қатысты шешімі шықпаған. Арызданушы ҚР Азаматтық Кодексінің 244 бабы бойынша өз бетінше салынған құрылыс ретінде сотқа жүгінуге құқылы екенін хабарлаймыз» деген жауап алдық» дейді  Бәйдібек ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Жандарбек Сұлтанбеков.

Арызданушы жақ жақынарада сотқа жүгінбек. Футбол алаңын салған кәсіпкер де, мен де өз құқығымызды заң шеңберінде қорғаймын деп бекініп отыр.

Еркін Кәрібаев, кәсіпкер: «Тойхана салған жоқпын, жастарға деп футбол алаңын салдым. Қолымда барлық құжат бар. Ауылдастарымның келісімі де бар. Заңға мен де бағынамын, сыйлаймын. Заң шеңберінде болғанын мен де қалаймын».

Екі тараптың да үміті сот үкімі. Әділ болса екен деп тілеуін тілейді.

Шынар Оразова