Шымкентте 2019 жылы қанша жасөспірім түрмеге қамалды?

413

Шымкентте кәмелетке толмағандар арасында жымқыру қылмысы көбейген. Сондай-ақ, көрінеу жас балаға күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау да 2 пайызға артып отыр. Бұл жөнінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы мәлімдеді.

Дәурен Сайхановтың айтуынша, 2019 жылы сотта жалпы саны – 106 қылмыстық іс қаралып, оның 94-і аяқталған. 90 тұлғаға қатысты 60 айыптау үкімі және 26 істі өндірістен тоқтату туралы қаулы шығарылған. Осы және өзге ақпараттарды жіліктеп жеткізген төраға кәмелетке толмағандар арасында түрмеге жабылғандарға қатысты да жіті тоқталды.

Дәурен Сайханов, Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «2019 жылы кәмелетке толмаған 3 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Олар қарақшылық жасағаны үшін сотталды. Сондай-ақ, үкім шығарарда олардың өз кінәсін мойындамағаны, өзге де нақты айғақтар ескерілді».

Айта кетейік, азаматтық істер бойынша бұл сотқа 828 арыз түскен. Былтыр жалпы 772 іс аяқталып, 570 шешім шығарылыпты. Оның басым бөлігі – әке деп тану және алимент өндіру бойынша. Баламен кездесу тәртібі мен баланың тұрғылықты мекен-жайын анықтау да осы сотта ең көп қаралған істер санатынан табылып отыр. Соның ішінде татуласу рәсімдері бойынша 41 іс қаралып, 35-і медиация тәртібімен тәмамдалыпты.

Мөлдір Бекеева