Шымкентте бюджеттен 150 миллион теңге қаржы жымқырылды

281

Шымкенттік шенеуніктер мен кәсіпкерлер бюджет қазынасынан 150 миллион теңгедей қаржыны жымқырған. Бұл туралы қалалық прокуратура өкілдері мәлімдеді.

Қадағалаушы орган өкілдерінің дерегіне сүйенсек, мемлекетке келтірілген залалдың жалпы мөлшері қозғалған 4 қылмыстық іс бойынша есептеліп, анықталып отыр.

Біріншісі – Қайнарбұлақ тұрғыналабында орналасқан мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде 52 миллион 400 мың теңге ұрланған. Яғни, мердігер «НТР» ЖШС-і атқарылмаған жұмыстар үшін миллиондар алғаны әшкере болды. Ал екінші қылмыстық жәйт – «Тур Ахмет» ЖШС -гі №1 клиникалық ауруханасына құны 56,5 миллион теңгені құрайтын медициналық құралдарды жеткізбеген.

Бюджет қаржысын жымқырғандар қатарында – Шымкент әкімдігінің қарамағындағы басқарма да бар. Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан қаладағы жылу құбырларын жөндеуге бөлінген 33 млн теңге қаржы қолды болған. Шаһардың коммуналдық саласына жауапты бұл басқарма тіпті іс жүзінде атқарылмаған жұмыстарды қосып жазған. Нақты айтқанда, ұзындығы 6500 мың метр жылу жүйесін қайта құру барысында 7 млн 300 мың теңгені қалтаға баспақ болыпты.

Алайда бұл заңсыз әрекеттерге жол бергендер қылмыстық қудалаудан босатылған.

Руслан Заурбеков, Шымкент қаласы прокуратурасының Аппарат басшысы: «Бұл деректер бойынша арнайы прокурорлармен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, ақталмайтын негізбен қылмыстық қудалау тоқтатылды. Алқа қорытындысымен жергілікті атқарушы органдарға орын алған кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілді».

Мөлдір Бекеева