Түркістан облысында анасы екі жастағы баласын байлап тастаған

336

Әлеуметтік желіде аузы буылып, қол-аяғы байланған баланың бейнежазбасы пайда болды. Таспадан көрініп тұрғанындай, бүлдіршіннің аузы қымталып, қолдары маталып тасталған. Тіпті ол қозғала алмай, шарасыз күйде отыр.

Жазбаны түсірген адамның «балам» деп бәйек қаққанына қарағанда әкесі сияқты. Ал, бірнеше әйел адамның айқайына бет бақтырмаған анасы бауыр еті баласын мұншалықты қорлау себебін де ашық айтпаған.

Қазіргі уақытта бұл жантүршігерлік жәйттің Сарыағаш ауданында орын алғаны белгілі болды.

Оқиғаға қатысты Түркістан облыстық полиция департаменті түсініктеме беріп, онда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, оқиға 8-ші қаңтар күні Сарыағаш ауданында болған. Ал полицияға арызды баланың әкесі жазыпты. Ол өз арызында бұрынғы азаматтық некедегі әйелі 2017 жылы туылған ұлына қысым көрсетуде деп шағымданған.

«Қазіргі кезде аудандық полиция қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 140-бабы «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша іс қозғалып, тергеп-тексеру барысында оқиғаның толық мән-жайы мен кінәлі тарап анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда», – делінген Түркістан облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.

Мөлдір Бекеева