Кәсіпкерлер Қытаймен шекара жабылды деп азық-түлік бағасын өсіріп отыр – Сұлтанов

149
фото inform.kz

Қазақстан Қытайдан әкелінетін және Қытайға жеткізілетін тауар қозғалысын тоқтатқан жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Тұтынушыларымызға өтінішім бар. Қазіргі уақытта бірқатар тауар сатушылары Қытаймен шекара жабылғанына сілтеп, азық-түліктің бағасын көтере бастады. Осыған орай Қазақстан Қытайдан әкелінетін және Қытайға жеткізілетін тауар қозғалысын тоқтатпағанын хабарлаймын. Бұл – тек бизнестің жосықсыз әрекеті. Осы себепті бағаны көтеруге қолданады», – деді ол.

Министр тұтынушылардан осындай жағдайға, сондай-ақ базарларда немесе сауда нысандарында баға сөз байласуына куә болса 8 (7172) 75-16-32, 8 (7172) 749832 телефон нөмірлеріне хабарласуды өтінді.

«Біз сөз байласуларға жедел ден қойып, оны жоя аламыз»,- деді Бақыт Сұлтанов.