фото polisia.kz

Түркістан облысының тұрғынын мас күйінде көлік жүргізгені үшін өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырды, – деп хабарлайды Polisia.kz. 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап елімізде көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілерге арналған жазаны күшейтетін заң күшіне енді.

Мәселен, Түлкібас аудандық сотында алғаш рет заң күшіне енгеннен кейін қылмыстық іс қаралды. Жергілікті тұрғын мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталып, жуапкершілікке тартылды. 18 қаңтар 2020 жылы Түлкібас ауданының тұрғыны мас күйінде өзінің Daewoo маркалы автокөлігінің рөліне отырған. Аталған автокөлікті патрульдеу кезінде Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлері Т. Рысқұлов ауылы көшелерінің бірінде ұстады.

Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші жеңіл дәрежеде мас болғандығы анықталды. Сонымен қатар, бұрын 2018 жылдың сәуір айында азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Аталған факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 346-бабы “Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамды көлік құралын жүргізуге жіберу” бойынша тіркелді.

Азамат өз әрекетін толық мойындады. Нәтижесінде, сот азаматты көлікті мас күйінде және жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін бір жыл алты ай бас бостандығынан шектеп, өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айырды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Мас күйінде рөлге отыру әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеліп қоймай, ең алдымен жүргізушінің және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өміріне қауіп төндіреді.