Шектеулерге қарамастан кей пысықайлар заңсыз жолмен ақша табуға көшкен

179

«Қорғаныс бекеттерінен өтуге рұқсат алған көлік жүргізушілері қалада бейберекет жүруге көшкен». Блок бекеттердегі қозғалысты реттеуге жұмылдырылған полиция өкілдері осылай дейді. Рұқсатты оңды-солды пайдаланып, жолға шыққан жүргізушілерге тәртіп сақшылары ескерту жасауда.

Қорғаныс бекеттеріндегі шектеулерден кейін кей пысықайлар заңсыз жолмен ақша табуға көшкен. Полицейлер арнайы тексерулер кезінде емін-еркін қозғалысқа рұқсат беретін анықтамаларды бұлдаған құрылыс компанияларының өкілдерін әшкерелеген. Осындай ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланатындардың жолын кесу үшін блок бекеттердегі қозғалыс онлайн жүйеде бақылануда.

Блок посттардағы қозғалысты реттейтін мобильді қосымша 700-ге жуық планшетке жүктелген. Полицейлер көліктерді онлайн жүйе арқылы тексереді. Қорғаныс аумақтарынан кедергісіз өтуге осыған дейін 40 мыңнан астам автокөлікке рұқсат берілген. Олардың арасында қала тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті жүк көліктері де бар.

Шымкентте тосқауыл бекеттері қойылғалы қалаға арнайы рұқсатпен 8,5 мың көлік кірген. Олар негізінен азық-түлік, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмек әкелген. Полиция өкілдері төтенше жағдай талаптарын бұзған 86 тұлғаға айыппұл салыпты. Ортақ тәртіпке бағынбағандар 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Мадияр Сейдалиев, Қаратау полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы: «Планшет дұрыс болып қалды. Онлайн тексеріп, жіберіп жатырмыз. Азық-түлік, медициналық құралдар таситын көліктер мен жаназаға қатысатындарды өткіземіз».

Онлайн жүйеде тіркелген көлік иелерінің арасында бейберекет жолға шығатындар да аз емес екен. Тәртіп сақшылары оларды әзірге тек ескертумен шектеліп отыр.

Әлібек Бөлешов, Шымкент қаласы ЖПП лейтенанты: «Арнайы нұсқама бар. Рұқсат алғандардан сұрасақ, «базарға барамы»з дейді. Үйіңнің жанындағы дүкенге барып, қажетіңді ал десек, «базарда арзан» дейді. Осындай жағдайлар да кездесіп жатыр».

Десе де тосқауыл бекеттеріндегі жағдайды бақылауға алған құзырлылар көліктердің күннен-күнге азайып келе жатқанын айтады. Карантин кезінде қорғаныс бекеттерінен 19 мыңға жуық көлік кері қайтарылыпты.

Мақпал Рысбаева