Жауапты мамандар базар аралап жүр…

117

ШЕКТІ БАҒАЛАР

Баға бақылауда. Бұдан былай қымбатшылықты қолдан жасайтын пысықайларға қатаң шара көріледі.

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағалар бекітілді. Ал нарық бағамын осы шамадан асырғандар айыппұлға тартылады.

Бағаны тұрақтандыруға жауапты мамандар халық көп тұтынатын азық-түліктердің шекті бағасын нақтылады. І- сұрыпты бидай ұнының келісі – 166 теңге, қалыпты бөлке нан-73 теңге, рожкидің 1 келісі – 212 теңге, қарақұмық жармасы 272 теңге болып белгіленді.

Ал сиыр еті – 1904, тауық жұмыртқасының 10 данасы – 305, күнбағыс майы – 422 теңгеден аспауы тиіс. Шекті баға бекітілгелі көпшілік азық-түлік нарығындағы өзгерісті де байқаған.

Қаладағы 21 сауда орталығы мен 7 базарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда. Салаға жауаптылар бекітілген 9 түрлі тауардың бағасын бақылау үшін күн сайын супермаркеттер мен дүкендерді, базарларды аралап, мониторинг жүргізеді.

Сұранысы зор тауарлардың құнын шекті бағадан көтергендер 100 АЕК айыппұл төлейді. Қайталанған жағдайда бұл төлем екі есеге артады. Бағаның негізсіз көтерілуіне тап болсаңыз, Call-орталығына 39-50-55 телефон нөміріне хабарласа аласыз.

Мақпал Рысбаева