Тұтарық каналы жауын-шашын салдарынан бұзылып, ауылды су басқан

398

 

Күні кеше 20:00 сағат шамасында Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты ауылы жанындағы Тұтарық каналы жауын-шашын салдарынан 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан.

Оқиға орнына шұғыл барған аудан әкімі Е.Шәріпбековтің ұйымдастыруымен ауылға кірген су өзен арнасына бұрылды.

Тұрақты ауылында 105 үй, 603 тұрғын бар. Қазіргі таңда 10 үйдің 55 адамы Ақбастау ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы жалпы орта мектебіне эвакуацияланды. Қазірге 2 қора құлаған, ауласына су кірген үйлердің саны нақтылануда.

Сонымен бірге қырдағы сай-салалардан ағып келген сулардың салдарынан Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласына су кірген. Су айдағыш құрылғылар арқылы су ауладан шығарылуда.

(Қаратас ауылында 94 үй, 528 тұрғын, Боралдай ауылында 535 үй, 3039 тұрғын бар.)
Аталған оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 48 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 23 қызметкері, аудандық полиция бөлімінің 16 қызметкері, 10 техника және 8 мотопомпа жұмылдырылған.

Орын алған жағдайлар бойынша келтірілген залал шығындары есептелуде.