Өркениетті тек көршіден көруге мәжбүр

150

Өркениетті тек көршіден көруге мәжбүр. Шымкенттегі «Еламан» көшесінің тұрғындары 25 жылдан бері жарыққа жарымай, қоғамдық көлікке қол жеткізе алмай жүргенін айтады.

Арызын айтып, жұрт талай рет әкімдік мен коммуналдық басқармаға барған. Бірақ, жыл сайын берілетін уәде сөз күйінде қалып келеді. Осыған ашынған жұрт енді президентке хат жазуға бекініп жүр.

Рая Магзумова, қала тұрғыны: «Біздің басшылардан сұрайтынымыз автобус пен жарық. Ең керегі бізге сол. 2016 жылы Еңбекші әкімдігіне бардық. Өтінішті тастадық. Әкімшілік кіргізбей қойды бізді. «Оңтүстік жарыққа» бардық. Онда да орынбасарына кіріп айттық. ЖКХ-ға бардық. Олар да бізді кіргізген жоқ. Басшылар бізге ел қатарлы көмектессін. Мына жағымызда жарық бар. Мына жақта жақта жарық бар. Ортада жарық жоқ».


Еңбекші ауданына қарасты Еламан көшесінің тұрғындары 25 жылдан бері өркениетті тек терезеден тамашалауға мәжбүр. Себебі көршілеріне қойылған сапалы жарық, бұларға жетпеген. Салдарынан қисайған бағанаға күні қарап, екі күннің бірінде жарықсыз отырады.


Құрасбек Боташев, қала тұрғыны: «25 жыл болды не жарық жоқ, не бағана жоқ. Әрқайсымыз бақшамыз арқылы жарық алып отырмыз. Балалар мектепке барады. Сабақ оқуы қиын. Арғы жағындағы көршілер тоқты бермейміз деп отыр. Үйдегі мұздатқыш, теледидар бәрі күй кетті».


Сапасыз жарықтың кесірінен тұрғындар талай рет тұрмыстық техникадан да айырылған. Өркениетті тек көршіден көретін еламандықтардың мұңы мұнымен бітпейді. Сөздерінше, олардың қала орталығына жетуі де бітпейтін жыр. Ауданға қатынайтын қоғамдық көлікті екі сағат күтеміз деген жұрт жанайқайын тыңдайтын құлақ таппай жүр.


Жәмилә Сүлейменова, қала тұрғыны: «Мына жаққа бір автобус келмейді. 17 әр екі сағат сайын жүреді. Екеу-ақ жүріп жатыр. Жаздық, бардық. Өткенде жазсақ, бізге сіздердің ешқандай қатыстарыңыз жоқ. Ешқандай сөйлемеңіздер дейді».


Еңбекші аудан әкімдігінің айтуынша Еламанға сапалы жарық көп ұзамай жетеді. Жоспары дайын жобаға тек тиісті қаржы керек. Басқарма мен әкімдік өкілдерінің сөзінше ол 2021 жылы бөлінуі керек.


Ал, қоғамдық көлік мәселесі мұнда қашан шешілері белгісіз. Себебі аталған мәселеге жауап береміз деген жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері сұқбат берген жоқ.

Назерке Үкібасова