Шымкентте дәрі-дәрімек тапшылығы пайда болды

237

Дәрі-дәрімек тапшылығы Шымкентте де пайда болды. Бұған дейін ел бетперде алуға асықса, енді қызу өлшегіш құралы мен антибиотик үшін кезекке тұрып әлек. Бірақ, керек затын сонша күткенімен оған қол жеткізе алмай қайтуға мәжбүр. Себебі, кей дәріханаларда сұранысқа ие заттар табылмайды. Нарықтағы бұл тапшылықты медициналық заттар зауытының иелері де мойындап отыр.

Феруза Нышанбаева фармацевтика саласында біраз жылдан бері еңбек етіп келеді. Бірақ, биылғыдай келуші нөпірін ешқашан көрмегенін айтады. Сөзінше, дәрі-дәрімекке сұраныс екі апта бұрын күрт артқан екен. Содан бері сөреде парацетамол, қызу өлшегіш құрылғы мен антибиотик қалмайтын болыпты.

Феруза Нышанбаева, Шымкент қаласындағы дәріхана меңгерушісі: «Сұранысқа ие заттарға біз енді тапсырыс бердік. Адамдар кезекке тұрып, талап әкетіп жатыр. 20-30 минуттың ішінде ештеңе қалған жоқ».

Ал, дәрі-дәрімек шығаратын зауыт өкілдері құралдардың максималды түрде өндіріліп жатқанын айтады. Алайда, елдің сұранысы күннен-күнге артып келеді. Осыған байланысты, тапшылық пайда болған.

Ирина Чублукова, «Химфарм» АҚ SANTO компаниясының директоры: «Біз елді дәрі-дәрімекпен қамту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жүрміз. Бағаның қымбаттап кетпеуі үшін делдалдар қатарын көбейтпеуге де тырысып әлекпіз. Барлығы жұрттың денсаулығы үшін жасалып жатыр».

Бұл пікірге тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау комитеті де қосылады. Тапшылықты тұрғындардың өздері тудырып отыр деген олар елді сабыр сақтауға шақырды.

Ләззәт Қымқымбаева, Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Елге даурығудың қажеті жоқ деп айтқым келген еді. Фармацевтика жетекшілері мен дәріхана иелеріне дәрілерді шектеулі мөлшерде сатуды айттық. Себебі, дәрі-дәрімек барлығына жетуі керек».

Сондай-ақ, департамент өкілдері дәрі-дәрімекті дұрыс сақтамаудың да зиян екенін ескертті. Одан бөлек, өз-өзін емдеу де науқасқа кері әсірені тигізуі мүмкін.

Назерке Үкібасова