Шымкентте коронавирус жұқтырғандар алдағы екі айда 23 мыңға жетуі мүмкін

672

Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны екі айдың ішінде 23 мыңға жетуі мүмкін. Қаланың бас дәрігері осылай деп дабыл қағып отыр.

Егер тұрғындар қатерлі індетке немқұрайлы қарауын қоймаса өлім дерегі де көбейеді. Қазірдің өзінде тәжівирус Шымкенттегі 2384 адамға жұғып, оның 14-і ажал құшқан. Жағдай ушыға берсе қайтыс болғандар саны 93-ке жетуі мүмкін.

Үшінші мегаполисте коронавирус күннен-күнге күшейіп барады. Бүгінге дейін дерт қаладағы 2384 адамнан анықталған. Оның 14 пайызы балалар. Қала әкімінің алдында жағдайды осылай деп баяндаған Шымкенттің бас дәрігері ел бейқамдығын қоймаса статистиканың сұмдыққа айналатынын айтады.

Рустам Албаев, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Тамызға дейін Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны 23 мыңға жетуі мүмкін. Егер адамдар қауіптің алдын алып, сақтанып жүрмесе, жағдай күрделене береді. Сонықтан да, үйден себеп болмаса, шықпаған жөн. Егер немқұрайлылық жалғаса берсе, қайтыс болғандар саны 93-ке жетуі ғажап емес».

Айта кетейік, бүгінге дейін тәжівирус жұқтырғандар көрсеткіші 5 пайызға өскен. Сұрықсыз статистикаға енді, пневмония жұқтырғандар да қосылды. Бүгінге дейін аталмыш дерт Шымкентте бір пайызға жуық артқан. Салдарынан қаланың 324 дәрігері үйіне қайтпай қызмет етуге мәжбүр.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «4 айдан бері Шымкенттегі 324 дәрігер үйіне қайтпай науқастарды емдеп жүр. Тұрғындар аталмыш ауруға салғырт қарауын қоймаса, адам жанын арашалайтын мамандар тапшылыққа айналады. Қазір медицина академиясын тәмамдаған бар түлектерді жұмысқа кірісуге дайындап жатырмыз. Себебі бізді ең жаман кезең күтіп тұруы мүмкін».

Соңғы кездері Ковид-19-дың симптомсыз тасымалдаушылары да артып кетті. Инфекция жұқтырғандардың 1027-де Кви белгісі жоқ. Алайда, тексеріс нәтижесінде тәжівирус табылған. Енді олар үйлерінде емделіп жатыр. Қала әкімінің сөзінше олар үнемі дәрігерлермен онлайн байланыста.

Назерке Үкібасова 

 

Жаһанды жайпаған дерт Шымкентті де жайлап барады. Салдарынан мегаполистегі медицина саласында мамандардың да тапшылығы байқалған. Шаһарда негізінен инфекционист, реанимотолог пен балалар дәрігері жетіспейді екен.

Назерке Үкібасова