«Жібек жолы» базарының жоғарғы жағында орналасқан христиан зиратының күтіміне қатысты тұрғындардың жанайқайын арнамыз арқылы биліктегілерге жеткізген болатынбыз.
Қалалықтар мазарат аумағының қоқысқа айналғаны, жасыл желекті суғаратын судың тапшылығы жайлы арызданған болатын. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы шара көріпті.
«Бүгін қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы мазараттың аумағын тазалауға көлік, жұмысшылар жіберіпті. Алайда суды жеткізген жоқ»,- дейді осындағы жерлеу қызметінің өкілі Шәріпжан Сағынбеков.
Коммуналшылар суды осы аптада жеткізіп беруге уәде берді. Мазараттағы тағы бір өзекті мәселе жақында шешімін табады деген үміт бар. Қорым аумағындағы қураған шөп, ағаштар өртеніп жатқаны жайлы хабар өрт сөндіру қызметінің басшыларына жетті.
Қуаныш Арсланов, Шымкент қалалық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары: «Ия, мазараттарда жазда өрт қауіпі бар. Бұл мәселені көтерейік».
Айта кететін жәйт, христиан мазарының күтіміне жауапты мекеме соттасып жатыр. Шілденің 22 -не жоспарланған сот отырысы басқа күнге шегеріліпті. Бұл мәселе шешілгенше қаладағы коммуналдық мекемелер кезектесіп мазарат аумағын тазалайды.
Шынар Оразова