Сенат депутаттығына  үміткерлерді ұсыну мерзімі аяқталды

282

Орталық сайлау комиссиясының отырысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну қорытындылары талқыланды.

13 маусым мен 12 шілде аралығында республика бойынша Сенат депутаттығына барлығы 94 кандидат ұсынылған. Олардың 29-ы инженер, 20 экономист, 10 үміткерден заңгерлер мен аграрлық сала қызметкерлері. Арасында педагог, журналист, дәрігер мен саясаттанушы бар.

Төраға сайлау науқандарындағы әйелдердің саяси белсенділігін атап өтті. Өткен 2017 жылдағы сайлауда 17 азаматша додаға түссе, биыл сенатор болуға 19 әйел өтініш білдіріпті. Солардың  екеуі  Шымкент қаласынан: Айгүл Қаппарова мен Толқын Полатқызы.

Қазіргі таңда  жергілікті жерлердегі сайлау комиссиялары күнтізбелік жоспар бойынша жұмыстарын атқаруда. Шымкент қалалық сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінше, сенатор болуға ниет білдірген 4 үміткер тіркелген.

Қайырбек Құнанбаев, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы: «Сайлау туралы» Заң бойынша кандидаттарды ұсыну аяқталды. 4 үміткердің барлық құжаттары тексерілді. Бір үміткер азаматша мәслихатпен ұсынылса, қалғандары өздерін ұсынғандар».

Естеріңізге сала кетейік, сенаторлар жанама сайлау бойынша сайланады. Бұл дегеніміз сайлауға халық тікелей қатыспайды. Облыс, қала, аудан мәслихатының депутаттары дауыс береді . Шымкент қалалық сайлау комиссиясы 12-ші тамызда өтетін сайлауды Түркістан сарайында өткізуді жоспарлап отыр.

Шынар Оразова