Түркістан облысында шындықты айтамын деп жұмыстан қуылған дәрігердің қызметі жоғарылады

410

Түркістан облысында ауруханада ота жасауға берілген жарамсыз қолғаптарды желіге жүктеп, бұл үшін жұмыстан қуылған дәрігер енді жаңа лауазымды қызметке тағайындалды. Бұл жөнінде Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшылығы хабарлап отыр. Айтуларынша, елімізде қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты дәрігерлер ауадай тапшы, сол себепті хирургтың бұл қадамына көз жұмыпты. Ал өзіне тағылған айып және жабылған жалған жаламен келіспеймін деген Қайрат Сейдуалиев енді Ел Президентіне арызданып, шындықтың түбіне жетемін деп бекініп отыр.

Түркістан облысы, Келес аудандық «Абай» ауруханасында ота жасауға берілген қолғаптардың сапасыз әрі жарамсыз күйде екенін видеоға түсіріп, оны желіге жариялағаннан соң жұмысынан қуылған хирург-дәрігер Қайрат Сейдуалиевтың жағдайы қазір қоғам назарында. Шулы видео «Қазнетте» әлі де қызу талқыға түсіп жатыр. Ал Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы дәрігердің жұмыстан босатылуына бұған дейін науқас тарапынан шағым түсіп, алған тәртіптік жазасы, сонымен қатар өзі жұмыс істеп отырған медициналық мекемеге қатысты жалған ақпараттарды әлеуметтік желіге жүктегені себеп болды дейді. Осылайша қызметтегі салғырттығы үшін орнынан босатылды деп өздері мәлімдеген Қайрат Сейдуалиев араға күн салып, басқа ауруханаға жұмысқа қабылданып, тіпті қызметі өскен.

Сәуле Алжанбаева

Сәуле Алжанбаева, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы: «Түркістан облысы Келес аудандық «Абай» ауруханасының хирург-дәрігері Қайрат Сейдуалиев бүгіннен бастап Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Дәрігер аталған аурухана басшылығының ұсынысымен жұмысқа қабылданған. Қазіргідей қиын жағдайда медициналық қызметкерлер ауадай қажет. Бүкіл елдің еңсесін түсірген пандемиямен қиын күресте аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер эмоцияға беріліп, қателік жасауы мүмкін. Кадр тапшылығын болдырмау мақсатында әрбір медицина қызметкері мемлекет үшін аса маңызды».

Ал 10 жылға жуық тәжірибесі бар І санатты дәрігер бұл лауазымды қызметке ұсыныстың өзіне тек «Отырар» телеарнасының тікелей араласуынан соң ғана түскенін айтады. Осылайша, шындық іздеп құрбан болдым, жұмыстан қуылдым деген хирург өзіне лауазымды қызмет емес, ақиқаттың қажеттігін алға тартты. Қайрат Сейдуалиев бұған дейін жұмыс істеп келген емханадан заңсыз босатылдым деген арызын арқалап, Ел Президентінен араша сұрау туралы райынан қайтпағанын алға тартты.

Қайрат Сейдуалиев

Қайрат Сейдуалиев, хирург-дәрігер: «Жаңа жұмысқа орналасқаным рас. Бірақ уақытша орналастым. Соттың шешімі шығып, Нұр-Сұлтан қаласына барып, Президенттің шешімі шығам дегенше уақытша орналастым. Себебі, менің 4 балам бар. Оларды асырап, бағуым керек. Ал бұл жерде мен ұзақ уақыт жұмыс жасамаймын, өзімнің әділетсіз алынған орныма соттың шешімімен, сіздердің көмектеріңізбен Құдай қаласа баруға ниеттімін. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Келес аудандық «Абай» ауруханасының бас дәрігері — Аида Бексұлтанқызына, бас дәрігердің орынбасарына және маған қысым көрсетіп, әділетсіздік танытқан мамандарға ешқандай шара көрілген жоқ. Мен сол шара қолданылу үшін бұл істің соңына дейін барамын. Сіздердің көмектеріңіз керек құрметті қазақ елі! Маған көмек беріңіздер.  Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы менің өз орныма келуім үшін, әділдік орнауы үшін көмек беруіңізді сұранамын!»

Айта кетейік, 33 жастағы дәрігер аудандық ауруханаға осыдан 8 жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша орналасқан. Және 7 жыл хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Айтуынша, ауруханаға жаңа басшылық тағайындалғалы қызметте өзін себепсіз қудалаумен қатар, медициналық құрал-жабдықтар тапшылығы пайда болыпты.

Мөлдір Бекеева