Түркістан облысында 131 елді – мекенде ұялы байланыс жоқ

293

 

Түркістан облысында кей мектептер дәстүрлі оқыту жүйесімен білім беруі мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Бас санитар рұқсат берсе, бала саны шектеулі білім беру ұйымдарында 1 қыркүйектен бастап сабақ басталады. Дәріс қалай жүргізіледі?

Түркістан облысында 838 ауылдың 700-ден астамы интернет пен ұялы байланыс жүйелеріне қосылған. Ал аймақтағы 131 елдімекенде әлі күнге байланыс атымен жоқ. Соған қарамастан жаңа оқу жылында оқушылардың 92 пайызы қашықтан оқиды! Өңір басшысы бұл мәселе министрліктің араласуымен шешімін табады деп отыр.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Онлайн емес, оқушылар қашықтан оқытылады. Арнайы платформалар әзірленген. Солар арқылы білім алады…».

Ал аймақта эпидақуал бері қарап, бас санитар дәрігер рұқсатын берсе, балалаp саны 180-нен аспайтын шалғайда орналасқан шағын-жинақы мектептер дәстүрлі түрде білім береді. Аймақта мұндай шағын білім ошақтарының саны – 139. Онда 12 мыңнан аса шәкірт оқиды. Ал үйлерінде оқитын оқушыларға тегін компьютерлер үлестіріледі.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Бүгінгі таңда аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушылардың компьютерлік техникасы жоқ. Ол үшін Үкімет тарапынан 57 мыңнан астам компьютер әперу процесі жүруде. Аталған техникалық жабдықтар I тоқсанның аяғына дейін жеткізіледі».

Қазір жергілікті мектептерде оқулықтар таратыла бастады. 25 тамызға дейін барлық оқушыларға қажетті кітаптар үлестірілетін болады.

Мақпал Рысбаева