Жалған қоңырау үшін жазаға тартылды

273

 

Еріккеннің ермегіне айналған. Бүгінде жалған қоңыру шалып, «бомба жарғыштардың» қатары артпаса, кемімей отыр. Осы орайда Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламаларды таратуға жол бермеу және оларды жасағаны үшін қылмыстық жаза бар екенін халық арасында түсіндіру мен алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру іс-шараларын тұрақты жүргізіп отырады.

Өкінішке қарай, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, полицияға «бомба орнатты, бомба қойылған» деген сарында көрінеу жалған хабарламалар келіп түседі. Аталған қоңыраулар күштік құрылымдарға қаншалықты ауыр соғатынын бағамдайтындар кем. Полиция, өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем… одан бөлек қаншама мемлекеттік құрылымдар жұмылдырылады. Қаншама қызметкер… Қаншама уақыт… Қаншама қаржы…

Одан бөлек, үрей мен қорқыныш адамдарға психологиялық соққы болатынын қоңырау соққыштар бағамдай бермейді. Арты өзіне де жақсы болмайтынын біле тұра осы қадамға баратындар да жоқ емес.

Былтыр желтоқсан айында Түркістан қаласындағы «103» жедел жәрдем пультіне белгісіз біреу қоңырау шалып, Жетісай ауданының ауруханасына бомба қойылғанын хабарлаған. Оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері мен арнайы мамандар қажетті техникаларымен келген. Тәртіп сақшылары іргелес аумақты қоршап алып, медициналық мекеме қызметкерлерін эвакуациялады. Нәтижесінде полиция жарылғыш құрылғыны таппады, ал бомба қойылғандығы туралы хабарлама жалған болып шықты.

Түркістан облысы ПД полицейлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті ретінде жалған ақпарат хабарлаған Жетісай ауданының тұрғынын ұстады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама» бойынша СДТТБТ-ға тіркелді. Жинақталған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. 2020 жылдың мамыр айында Жетісай аудандық сотының шешімімен сотталушы 2 жылға бас бостандығын шектеу және 100 сағат мерзімге мәжбүрлі еңбек етуге сотталды.

Еске сала кетсек, ҚР ҚК-нің 273-бабының «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» санкциялары бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілікті көздейді.

Сонымен қатар, құқықбұзушылар жалған шақырулары үшін сот шешімімен оқиға орнына шұғыл шығып, жедел әрекет ету қызметтеріне толық көлемде төлеуге міндетті. Сондықтан, осылайша «әзілдесуді» қалайтын кез-келген адам мұндай ойынның соңы жақсылыққа апармайтынын ұғынуы керек.

Айбар Нұргелдиев