Азық-түлік бағасы қатаң бақыланады

229

 

Елімізде азық-түлік бағасы өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

Дегенмен, Үкімет мүшелері нарықтағы жағдайды бұлайша қиындатуға ешқандай негіз жоқ деп отыр. Соған қарамастан қолдан қымбатшылық жасап жатқан пысықайлардың әрекеті енді қатаң бақыланатын болды.

Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсімі барлық аймақтарда байқалған. Халық ең көп тұтынатын тауарлар құны 4,4%-ға өсіпті. Әсіресе, қарақұмық жармасы мен қант, сәбіз бен картоптың бағасы шарықтап кеткен.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Басты себебі – егістік аумағының қысқаруы. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өсімі барлық аймақтарда байқалады. Дегенмен тауарлардың көпшілігі бойынша ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылды. Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бес түрінде бағаның төмендеуі байқалуда. Мәселен, қырыққабаттың бағасы 21,4%-ке төмендеді».

Ал Премьер-министр бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ деп санайды. Сондықтан да әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру үшін форвардтық сатып алу практикасын барлық өңірлерде енгізуді тапсырды. Бұл ретте жергілікті әкімдерге зор жауапкершілік жүктелгелі отыр.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер өзімізде өндірілетін азық-түліктің, әсіресе, картоп, ұн, сәбіз және қарақұмық жармасы бағасын өсіруге жол бермеуі қажет. Елдің барлық қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету үшін олар жеткілікті көлемде өндіріледі. Әкімдер осы мәселені ерекше бақылауға алсын».

Ал тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік тауарларының көлемі қанша? Бұл сауалға бүгін Ауыл шаруашылығы министрі жауап берді.

Сапархан ОМАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: «Қорларды бағалау жолымен өңірлердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізілуде. Азық-түлік тауарларының 16 түрі бойынша Үкіметтің резервтері қалыптастырылған. Бұл мақсаттарға 16,7 млрд теңге бөлінді, ол 43,5 мың тонна азық-түлік сатып алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, әкімдіктердің жедел деректері бойынша қазір республикада жалпы көлемі 619,2 мың тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары мен 318,6 млн жұмыртқа қоры бар».

Ауыл шаруашылығы министрі азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша импортты алмастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сөзінше, майлы дақылдардың жалпы көлемі 2,6 млн тонна болады деп күтілуде, бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 мың тоннаға артық екен. Сондай-ақ, картоп және көкөніс-бақша дақылдарын өндіру көлемі сәйкесінше 4 млн тоннаға және 6,8 млн тоннаға дейін ұлғайтылатын болады.

Мақпал РЫСБАЕВА