Клиникадағы дау: 668 емделушіні сан соқтырғандарға сот үкімі шықты

262

Алдаймын деп абақтыға жабылды. Шымкентте бірнеше медицина клиникасын ашып, келушілерді қарызға батырған алаяқтар ақыры темір торға тоғытылды. Олар жұрттың сеніміне кіріп, арзан бағада елді емделуге шақырған. Сөйтіп, ақшасын үнемдейміз деген 600-ден астам азаматтан 125 млн.теңгеден артық қаржы жинап алыпты.

Осыдан кейін клиника жұмысын тоқтатып, ізім-ғайым жоқ болған. Бірақ, алаяқтар ұзаққа қашып құтыла алмады. Елді алдап соққан сыбайластардың барлығына сот үкімі шықты.

Сот залына жиналған бұл қариялардың барлығы арзан бағада ем аламын деп, алаяқтарға алданғандар. Сөздерінше, медицина клиникасына оларды тегін диагностикадан өткізуге шақырған. Телефон тұтқасының арғы жағындағы адамға иманындай сенген олар тіпті банктен қарыз алуға да келіскен. Артынша не ем алмай, не ақшасын таба алмай сотқа келіп отыр.

Пернегүл Әбденова, жәбірленуші: «Беліңізде грыжа болса, біз жөндейміз апа» деді. Ойбай, жөндесең мен келейін дедім. Беліміз әдемі болады екен ғой деп жүрмін мәз болып. Аптасына келемін, титтей-титтей массаж жасайды да шығарып жібереді. Сонымен 1,5 жыл төледім міне».

Мадина Болатова, жәбірленуші: «Клиника жоқ. Біз бекерден бекер төлеп жатырмыз. Банк біздің жанымызды қоймай жатыр. Күндіз, түні звондайды. Үймен де қырылысып жатырмыз. Давлениеміз де көтеріліп жатыр».

Еске сала кетейік, медицина клиникасындағы бұл дау өткен жылы басталған еді. Арнамызға арызданған бір топ шымкенттік, алаяқтардың сан соқтырып кеткенін ашына айтқан. Осыдан кейін кінәлілерге іздеу жарияланып, соңында 4 азамат тергеуге алынды. 600 адамды алдап соққан олардың бірі Ресей тумасы, Алматы қаласының тұрғыны екен. Ал, оған көмектескен үш келіншек Түркістан және Қызылорда облысының тумалары.

Зейнеткерлер сеніміне кіріп, 125 млн. теңгені жинаған оларға ақыры сот шешім шығарды. Самара қаласының тумасы Алексей Гончаров 10 жылға, Айгерім Тоқмамбетова 6 жыл 6 айға, Несібелі Маратқызы мен Айдана Байхонова 5 жыл 6 айға сотталды.

Болат Қарабаев, Әл Фараби аудандық сотының судьясы: «Сот үкім етті: Гончаров Алексей Алексеевич қылмыстық кодекстің 190 бабы 4 бөлігі 2 тармағымен көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, медициналық қызмет көрсетуге байланысты кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл бас босталдығынан айыру жазасы тағайындалсын».

Мұндай шешімді күтпесе керек, айыптылар сот залында көз жасын тия алмады. Ал, олардың қорғаушылары шешімнің әділетсіз екенін айтады. Сөздерінше, абақтыға қамалғандардың бірі клиникада бар жоғы 2 ай жұмыс істеген.

Гүлнар Аманбай, адвокат: «Үкіммен келіспейміз. Оның істеген іс-әрекеттерінде қылмыстың белгісі жоқ деп ақтау сұраған болатынмын. Алайда оған қазір бас бостандығынан айыратын жаза беріп отыр. Сондықтан әрі қарай аппеляциялық шағым келтіремін».

Айта кетейік, темір торға тоғытылған келіншектердің барлығы ажырасқан екен. Енді олардың тәрбиелеп отырған кәмелет жасына толмаған балалары қамқоршылық бөлімшесіне жеткізіледі. Ал, ем таппай ақшасынан айрылғандарға қаржылары қайтарылатын болды.

Назерке Үкібасова