Веложол: Жарты миллиард теңгенің жыры

147

Шымкентте 500 млн. теңгеге веложол салмақ. Ал, қала тұрғындары болса, бөлінген бұл бюджетке келіспейді. Әлеуметтік желіде біраз күннен бері талқыға түскен тақырыпты бүгін құрылыс басқармасының басшысы түйіндеді. Сөзінше дендросаябақта басталған құрылыс үшін жарты млрд теңге бөлінбеген.

 


Алдымен бұл ақпаратты Амангелді Қалыбек есімді әлеуметтік желі қолданушысы көтерді. Жарты млрд теңгеге небәрі 6 шақырым веложол салынатынын сынға алған ол өзінше есеп те жүргізген. Сонда веложолдың 1 шақырымына 76 млн. теңге кете ме деген қоғам белсендісі шет елдегі құрылыс құнын да мысалға келтіреді. Мәселен Уфадағы 6 шақырымдық веложол үшін 36 млн. теңге жұмсалған екен.

Бірақ, шымкенттік қоғам белсендісінің бұл сөзімен құрылыс басқармасының басшысы келіспейді. Ербол Ахметов сөзінше дендросаябақтағы құрылыс үшін 500 млн. теңге кетпеген. Құрылысқа небәрі 458 млн. теңге қаржы бөлініпті. Осылай деген басқарма басшысы жаңа жолдың сапалы болатынына сенімді. Айта кетейік, жарты млрдқа жуық қаржыға бағаланған веложолдың кепілдік мерзімі 5 жыл болмақ.


Құрылыс басқармасы басшысының сөзін дендросаябақ директоры да қуаттайды. Ол жыл сайын жөндеу жұмыстарынан көз ашпаған саябақтың бұл жолғы құрылысы тіпті ерекше боларына сенімді. Және келушілердің одан сайын артатынына үмітпен қарайды.

Ұзындығы 6 жарым шақырымды алып жатқан веложол құрылысы желтоқсан айында аяқталмақ. Жауаптылар жарты млрдқа жуық теңгенің тек веложолға кетпейтінін айтады. Сөздерінше, бұл қаржыға жүгіру жолдары да салынады және саябақ ішінде жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.

                                                                                               Назерке Үкібасова