23 жастағы 6 баланың анасына жәрдемақы тағайындалды

194

23 жасында алты баланың анасы атанған Түркістан облысының тұрғынына әлеуметтік төлемдер тағайындалды. Еркінай Есенбаева өткен аптада ғана дүниеге үшем әкеліп, жұртты тәнті еткен еді.

Енді міне оның үйіне облыстың халыққа қызмет көсерту орталығының мамандары арнайы келіп, туу туралы куәлігін тапсырды. Және әлеуметтік төлем тағайындап кетті.


Еркінай ЕСЕНБАЕВА, көпбалалы ана: «Балаларымның жәрдемақыларын алу үшін құжат тапсыруға баруға мүмкіндігім болмай жүрген еді. Алайда ХҚО-ның қызметкерлері маған хабарласып, арнайы қызметкерлер жібертіп, құжаттарымды үйде отырып өткізуге көмектесті. Мен қатты қуанып қалдым. Мамандар маған гүл сыйлап, құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді. Менің қиналып отырғанымды естіп, жедел әрекет жасаған ХҚО-ның мамандарына алғыс білдіремін».

Еске сала кетейік, көпбалалы ана бұған дейін орталыққа бара алмайтынын жеткізген еді. Ал, Халыққа қызмет көрсету мекемесінің мамандары болса, құжатты ұялы телефон арқылы да жасатуға болатынын айтады. Ол үшін алдымен мобильді азаматтар базасына тіркелу керек екен.

Амантай ЕГЕМБЕРДИЕВ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының ресми өкілі: «Бұған дейін 3 баласы бар 23 жастағы Еркінай Есенбаева дүниеге үшем әкеліп, көп балалы аналардың қатарына қосылғаны туралы ақпаратты ақпарат құралдарынан білдік. Сондай-ақ, бала тууға байланысты мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге үшемнің ата-анасының уақыты болмай жүргендігін естісімен, біз бірден олармен хабарласып, өз көмегімізді ұсындық. Арнайы шалғай өңірлерге қызмет көрсетуге арналған мобилді ХҚО-ның қызметкерлерін жіберіп, қажетті құжаттар мен өтінішін қабылдадық».

                                                                                                Назерке Үкібасова