Үй алдында араздасқан бұл жандар Шымкенттегі «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары мен оған жауапты кооператив өкілдері. Мұндағы көпқабатты 10 тұрғын үй халқы екі аптадан бері жылу мен ыстық суға жете алмай келеді. Сөздерінше, қаланың жылу орталығы көпқабатты үйге жылытқышты жеткізген. Алайда, оны қосу мүмкін болмай тұр.

«Мына үйде мүгедектер тұрады. Тұл жетімдер тұрады. Мына үйден шығып кетсек, біздің баратын жеріміз жоқ. Сіз қазір жұмысыңызға салғырт қарап тұрсыз… Көтерсең, су кеп жатқан жоқ. Жылы су тұрмақ, судың өзі болмай қалады. Шылдырап ағып тұрса айтар едім. Енді келіп сіз айтып тұрсыз төлемей-ақ қой деп…», дейді тұрғындардың бірі.

Жыларман күйге түскендер қарасы мұнымен бітпейді. Айта кетейік, мұндағы үйлерге негізінен мүгедектер, жетімдер мен аз қамтылған отбасылар қоныстанған. Осы үйдің өзіне әрең жеттік деген олар енді жауапты мамандар жұмысын жауапкершілікпен атқарса дейді. Солардың бірі – Айгүл Сансызбай. Үш баланың анасы қабат-қабат киінуден де қажығанын айтады.

Айгүл Сансызбай, қала тұрғыны: «Су деген жоқ. Екі апта болды біздің осылай шырылдап жатқанымызға. Шаршап кеттік. Болмаған соң суды құтыларға алып қоямыз. Сонымен дәрет алып жүреміз. Кішкентай балаларымыздың барлығы қабат-қабат киініп отыр. Жылу біресе келеді. Біресе болмай қалады. Жарық та өшіп қала береді».

Ал, жауаптылар болса кінәні жан-жақтан іздеп әлек. Айтуларынша, бұл үйлерде жылудың болмауына сөне беретін жарық пен тоқтап қала беретін көгілдір отын жазықты. Осының бәрін түзетуге келдік деген олар айналасы екі күнде көпшіліктің жылы жерде отыратынына сендіріп бақты.

Әлиакбар СЫДЫҚОВ, «Қызметкер СК» ЖШС басшысы: «Жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жерде ақаулар болып, 3-4 сағатқа, екі-үш күнге өшіп қалған жағдайлар болып, ауа жиналып қалып, қайтадан соны шығаруға байланысты. Жалпы алғанда жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тұрақталады жақын күндері деп ойлаймын».

Асхат БӨЛЕШОВ, «Қуат жылу орталығының» бөлім басшысы: «Газ өшіп жатыр осы 10 күн аралығында. Жарық сөніп жатыр. Жаңа құрылыс болғаннан кейін ақаулар орын алып жатыр. Қазір екі бригада әкелдік КСК-мен. Ауа шығару, өңдеу реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр».

Еске салайық, біз бұған дейін бұл көпқабатты үйлердегі жедел саты жырын жариялағанбыз. Тұрғындарды қоныстандырған жауаптылар екі жыл бойы жедел сатыны қоспай әлекке салған еді. Ел жанайқайы эфирден көрсетілген соң мәселе түйіні тарқаған болатын.

                                                                                              Назерке Үкібасова