Бір апта ішінде Қазақстанда 3424 қылмыс тіркелді. Осылай деген еліміздің Ішкі істер министрілігінің ресми өкілі оның жартысынан көбі ұзаққа бармай ашылғанын айтады.

Өкінішке орай, тіркелген қылмыстың 19-ы адам өлімімен аяқталған. Жаға ұстатардық жағдай мұнымен бітпейді. Бір жұма ішінде елімізде жол апатынан 40 адам қаза тапқан. Жол ережесін бұзушылар саны да азаймай тұр.

Нұрділдә ОРАЗ, ҚР ІІМ-нің ресми өкілі: «Жолаушыларды тасымалдау кезінде 1700-ден астам автобус жүргізушісі телефонды пайдаланған. 300-ге жуығы жылдамдықты мөлшерден тыс арттырып, айналасына қауіп төндірген. Бұдан басқа еңбек және демалыс режимін бұзудың 43 фактісі, сақтандыру заңнамасын бұза отырып көлік басқарудың 54 фактісі, техникадан өтпеген және заңсыз қайта жабдықталған 1000-нан астам автобус, жылдамдықты арттырудың 300-ге жуық фактісі анықталды».

Жол апатынан бөлек республикада алаяқтық да азаймай тұр. Түркістан облысындағы 800 азамат қаржылық пирамидаға 1 миллиард теңге құямын деп тақырға отырған. Ал соңғы 3 жылдың ішінде жұрттың сеніміне кіріп, тақырға отырғызу Қазақстанда екі есеге көбейген. Бірі, онлайн сауда жасаймын деп елдің қалтасын қақса, екіншісі қаржыны үйіп-төгіп беремін деп түксіз қалдырған.

«Жақында ғана 4 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Олар автобөлшектерді сатқан. Қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, алаяқтардың тағы бір түрі бар. Олар белгілі азаматқа банк қызметкерімін деп хабарласып, есепшотының бұғатталып қалғанын айтады. Және пин кодын сұрайды. Осылайша құпия кодқа ие болған соң, меншік иесінің бар қаржысын қолды қылады».

Шенділер тұрғындарды сақ болуға шақырады. Және бөгде адамдарға есепшоттың құпия кодын ешқашан да айтпауға кеңес береді. Себебі, соңғы кезде алаяқтар тұрғындарды банктен хабарласып тұрмын деп тақырға отырғызуды да меңгеріп алыпты.

 Назерке Үкібасова