Туризм саласында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облыс орталығында «ТүркістанБайк» автоматтандырылған велопрокат жүйесін енгізу бойынша әлеуметтік жобаның іске асырылуына ұйытқы болды.
Бұл жоба аясында қала бойынша 40 велосипеді бар 5 велобекет орнатылды. Пилоттық жобаның іске қосылуы сәтті өтті. Қазіргі таңда жергілікті тұрғындар, қала қонақтары арасында үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, туристер велосипедке отырып қала аумағындағы демалыс және де түрлі мәдени орындарын тамашалағанды ұнатады. Ол үшін веложолдар салынып, белгілер орнатылған.
Нұржамал Әділбекова, Қызылорда облысының тұрғыны: «Шиеліден келдім. Түркістанға жиі келеміз. Бұрын тек базарына келетін едік, енді қаладағы жаңадан бой көтерген түрлі мәдени, тарихи орындарды, замануи су бұрқақтар, әсем гүлзарлар мен керемет саябақтарды тамашалауға келеміз. Келесі жолы немерелерімді бірге әкелемін, велосипед айдап, демалсын».
Шынар Оразова