Қаржылық пирамидаға сенем деп қазақстандықтар 33 млрд. теңгесінен айырылған. Оның 22 млрд. теңгесін атышулы «Гарант24» қалтасына басқан.

Осылай деген еліміздің бас тергеушісі жұртты алдаған алаяқтардың әлі түгел ұсталмағанын айтады. Іздеу салынған 5 күдікті сол күйі құрықталмаған.

Қазақстанда қаржылық пирамидаға алданғандар азаймай тұр. Қыруар ақшаға кенеттен кенеле салғысы келгендер осы уақытқа дейін 33 млрд. теңгесінен айырылған. Алаяқтарға алданғандар әсіресе Батыс және Оңтүстік өңірлерінің тұрғындары. Еселеп ақша алам деп соқыр тиынсыз қалған олардың бүгінде 18-мыңы ғана полцияға шағымданған.

Санжар ӘДІЛОВ, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы: «Аталған компания небәрі 5 ай шамасында қызмет жасады. Яғни, жұмысы көп уақытқа созылмады. Екіншіден, әрекетіне заңмен тиым салынбаған ломбард қызметімен бүркемеленеді. Үшіншіден заңсыз әрекеті әшкереленіп, қылмыс қозғалғанша ешқандай жәбірленуші шағымданбады».

Осы уақытқа дейін қаржылық пирамида бойынша елімізде 250 қылмыстық іс тіркелген. Оның 120-сы бүгінде сотқа өтіп, 98 күдікті жауапқа тартылуда. Полицейлер сөзінше алаяқтар көбіне шет һелден табылған. Қырғызстан, Молдова мен Түркияға тұрақтаған олардың 5-уі әлі күнге дейін ұсталмапты.

Санжар ӘДІЛОВ, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы: «Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Қазіргі таңда қылмыстық жауапкершілікке 56 тұлға тартылуда. Оның 30-ы қамауда. Олардың ішінде 3 құрылтайшы. 24 аумақтық басшылар және 6 менеджер. 5 күдіктіге қатысты іздеу жарияланған».

Табылған күдіктілердің өздерімен қоса, меншіктері де құрықталған. Осылай деген Қазақстанның бас тергеушісі құны 22 млрд. теңгенің мүлкі қамауға алынған. Енді бұл қаржы алданған азаматтарға қайтарлымақ.

Назерке Үкібасова