Түркістан облысында Келес өзеніне ағып кеткен 8 жастағы Жаннұрды іздеу үшін республикалық «Барыс» құтқару жасағы тартылды. Арнайы құрылған штабқа келген құтқарушылар топ-топқа бөлініп, іске кіріскен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мамандар баланы табу үшін барын салып жатыр.
Іздеу жұмысына құтқарушылардан бөлек еріктілер де барған. Жұмысқа жалпы 250-ден астам адам жұмылдырылған. Айта кетейік, Келес өзеніне абайсызда құлап кеткен баланы іздеп жатқанына тоғызыншы күн. Абай ауылының 2-сынып оқушысы ойнап жүріп арыққа аяқ киімін түсіріп алып, соңына түскен. Тайып құлап, өзен ағысы алып кеткен.
Кеше іздеу жұмысы Келес өзенінен Сырдария өзеніне дейін жеткені хабарланған. Баланы іздеумен қоса оның ата-анасына көмек беру үшін психологтар тартылған.
Дилара Иса






