Қала әкімі шымкенттіктерді жаңа жылмен құттықтады

241

ЖАҢА ЖЫЛ ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ БОЛСЫН!
Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!
Есігімізден енгелі тұрған жаңа 2021 жыл құтты болсын!

Халқымыз «Ескі жылда есірке, жаңа жылда жарылқа!» деп жатады. Әрине өтіп бара жатқан жыл біздің еліміз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін дүрбелеңге толы жыл болғаны белгілі. Әлемді жайлаған пандемия қалыпты өміріміздің ырғағын бұзып, халыққа айтарлықтай ауыртпалық әкелді. Дегенмен қайсыбір қиындықты да қайраттылықпен жеңіп шығатын еліміз жаңа жылға жарқын қадаммен аяқ басқалы отыр.

Қатаң карантин режиміне қарамастан Шымкентте көптеген игі істер атқарылды. Жолдар жөнделді, көпірлер іске қосылды, тұрғын үй құрылысының қарқыны бәсеңдеген жоқ, әлеуметтік жаңа нысандар пайдалануға берілді, кәсіпорындар жұмысы санитарлық талаптарға сай өз өрісін тапты, ауыл шаруашылығы жұмыстары жүйелі жүргізілді.

2020 жылы қаламыздың ТМД елдерінің мәдени астанасы атануына байланысты жыл бойына көптеген мәдени іс-шаралар онлайн форматта өтіп,
эстафетаны Душанбе қаласына табыстаудың салтанатты рәсімі ауқымды
шаралармен шырайын тапты. Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбевтың 175 жылдық мерейтойлары да жыл бойына кең көлемде атап өтілді.

Міне, осындай қарбалас та, қауырт тірліктердің тізбегімен ескі жылды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алғалы отырмыз.
Қымбатты шымкенттіктер!

Ғасыр төрінен орын тепкелі отырған Сиыр жылы баршаңыздың отбасыңызға береке-байлығымен, ынтымақ-бірлігімен енсін! Молшылық пен тыныштық жылы болғай! Шаһарымыз бұрынғыдан да шырайланып, халқымыздың дәулеті арта берсін!
Баршаңызға мықты денсаулық, сәулетті де бақытты өмір тілейміз!

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі