Республика көлемінде 15 желтоқсан мен 7 қаңтар аралығында заңсыз айналымдағы сертификатталмаған пиротехникалық заттарды тәркілеуге бағытталған “Пиротехника” жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Аталған іс-шара аясында бүгін Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімі мен қалалық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлескен рейд ұйымдастырды. Нәтижесінде Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан «Қазына» сауда нүктесінде заңсыз пиротехника бұйымдарын сату деректерін анықтады. Тәртіп сақшылары аталған дерек бойынша кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы (Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
«Іс-шараның мақсаты жаңа жылдық мерекелер кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы жарақаттануды болдырмау. 15 желтоқсанда бастау алған профилактикалық іс-шарасы аясында осы күнге дейін 12 хаттама толтырылды» -дейді Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау бөлімінің аға инспекторы Қайрат Қалымбетов.
Тәртіп сақшылары қала тұрғындары мен қонақтарына пиротехникалық бұйымдарды заңсыз әкелу, сақтау, сату және пайдалану техникалық тәртіп талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасы ӘКБтК-нің 415, 436, 483, 196-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.