Шымкентке Оңтүстік Корея, ДДСҰ және «Шевроннан» көмек жеткізілді

223

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған Жұмысшы топ гуманитарлық көмектердің медициналық ұйымдарға жеткізілу барысына, дәріханалар мен фармацевтикалық компаниялардың қоймаларына мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

Жұмысшы топ гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген медициналық тауарлар мен дәрілерді есептеп, ауруханаларға жеткізілуін сүйемелдеуде.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев бастаған жұмысшы топ «СК-ФАРМАЦИЯ» қоймасына Оңтүстік Корея, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және «Шеврон» ЖШС-нан келген гуманитарлық көмекті қабылдау барысымен танысты. Гуманитарлық көмек ретінде медициналық маскалар (10 000 дана), қолғаптар (1200 дана), термометр (80 дана), Ривароксабан (5350 дана), Дабигатрана (1552 дана), Дексаметазон (99 дана), Фондапаринукс натрия (382 дана) және Эпинефрин (8 дана) дәрі-дәрмектері келіп жетті.

Аталған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар қалалық инфекциялық ауруханасына жеткізілетін болады.

Басты мақсат – медициналық тауарлар мен дәрілердің денсаулық сақтау мекемелеріне уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу болып табылады.

Жалпы алғанда, гуманитарлық көмек ретінде мегаполиске Өзбекстан, Қытай, Ресей, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Украина, Польша, Германия, АҚШ, Португалия, Ворд Медикал, «HUAWEI» ЖШС, Швеция, Израиль, Грузия, Samruk Kazyna Trust, Түркия, Оңтүстік Корея, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Шеврон компаниясынан гуманитарлық көмек келді.

Әр тауарға үшінші тұлғалардың, делдалдардың, алып-сатуына жол бермеу мақсатында «тегін» деген мөр басылды.

Айта кетейік, кез-келген азамат дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар бағасының жоғарылауына және жетіспеушілігіне қатысты шағымдары мен ұсыныстарын 8 775 306 78 50 WhatsApp нөміріне фото және бейне материалдармен жолдай алады.