Шымкентте екі қабатты тұрғын үй өртеніп, ер адамның мәйіті табылды. Қайғылы оқиға күні кеше орын алған.
Өрт сақшыларының болжамы бойынша марқұм қызыл жалыннан емес, кісі қолынан қайтыс болуы мүмкін. Соңы өртке ұласқан сұмдықтан соң тағы бір отбасы далада қалды. Көршілерінің кесірінен үйсіз қалған олар құжаттарының да жанып кеткенін айтады.
Шымкенттегі Ю. Гагарин көшесіндегі мына тұрғын үйде кеше кешкі сағат 19:00 шамасында өрт шықты. Төменгі қабаттан шарпыған тілсіз жау әп-сәтте жоғары қабатқа жеткен. Осылайша қас пен көздің арасында екі пәтер өртке оранып, ер азаматтың мәйіті табылыпты. Төтенше жағдай қызметкерелерінің сөзінше, марқұм өрттен бұрын ажал құшқан болуы мүмкін. Себебі табылған мәйітте зорлық белгілері бар екен.
Аманбек БЕЙСЕМБАЕВ, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Өрт 19:17-де түсіп, 19:39-да оқшауланып, 19:59-да сөндірілді. Өрттің жалпы көлемі 35 шаршы метрді құрады. Бұл тұрғын үй екі қабатты тұрғын үй. Тұрғын үйдің бірінші қабатында болып отыр. Пәтердің жалпы көлемі 35 шарты метр. Толық жанды. Болжам бойынша абайсызда ашық өрт тұтанған. Үйде жарық болмаған. Жарықшам жанып тұрған деген куәгерлер сөзі бар».
Қайғылы жағдайды полиция департаменті әзірге тергеп тексеру үстінде. Ал, тұрғындар болса, өрт шыққан пәтердегілердің мазасыз болғанын айтады. Бітпейтін жанжалдың соңы өртке ұласып, енді міне көршілері далада қалып отыр.
«Қыстың күні енді қайда барамыз? Малды да шығарып жібермейді. Мысық күшігін де шығарып жібермейді. Қайтеміз енді? Бір құдайға тапысырып отырмыз. 2000 жылы бұзылады деген бұл үйді. Одан бері 20 жыл өтті».
Абай ауданындағы бұл үйдің тұрғындары кешегі сұмдықтан әлі ес жия алмай жүр. Пәтері көз алдында өртенкен Марина Қожабергенова енді қайда барарын білмейді. Тіпті бүтін қалған заттарын жинауға қолы бармай жүрген ол мұнда бала шағасымен тұратынын айтады. Түтін шыға бастағанда ол күйеуімен үйде отырған екен.
Марина ҚОЖАБЕРГЕНОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Газ атылатын шығар деп заттардың бәрін тастап кеттік. Алтын бар ма, киім бар ма заттың бәрі. Далада жүрсем, екінші этажы жанып жатыр. Бір сағаттан кейін өрт сөндірушілер келді. Кірейік десек кіргізбейді. Е, зат алмадық, е киім алмадық. Бәрі қалды өртеніп. Біздің баратын жеріміз жоқ».
Төтенше жағдай қызметкерлері жексенбі күні таңғы уақытта А. Байтұрсынов көшесінен шыққан жалынды да сөндірген. Көпқабатты үй пәтерінің тұрғыны медицина көмегіне зәру. Орташа жағдайда ауруханада жатыр. Алдын ала болжам бойынша, бұл пәтерде от әдейі қойылған болуы мүмкін.
Назерке Үкібасова