Ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылғандардың жалақысы артты

621

Жұмыс істеймін деген азаматтарға үкімет тарапынан қолдау бар. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-ші кезеңі аясында ақылы қоғамдық жұмысқа қабылдау жүріп жатыр.

Ағымдағы жылы бұл жұмыс түрімен 3 мыңнан астам азаматты орналастыру көзделсе, қаңтардан бері 1800 шымкенттік ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан.

Ақылы қоғамдық жұмысқа жолдама алған шымкенттіктердің бірі -Ақтөре Айтуғанов. Жоғары оқу орнын экономист мамандығы бойынша бітірген жігіт жыл басынан бері еңбек инспециясы басқармасының кеңсесінде жұмыс істейді. Жұмысқа орналасқанда ешқандай қиындық туындамады, қалалық жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарды тапсырдым дейді ол.

«Барлығы жылы қабылдады. Тәлімгерім де бар. Үйретіп жатыр. Жұмыс өзіме ұнап жатыр»,- дейді Шымкент қалалық еңбек инспекциясы басқармасының  қызметкері Ақтөре  АЙТУҒАНОВ.

«Ақтөренің міндеті арыз-шағымдарды жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасындағы қарым-қатынас Еңбек Кодексіне қатысты түрлі мекемелерден келетін өтініштерді, хаттарды тіркеу. Өзінің тиянақтылығы арқасында барлығын мерзімінде тіркейді. Өйткені әрбір арыздың артында адамның тағдыры бар деп түсіндіреміз,»- дейді қызметкердің  тәлімгері  Шымкент қалалық еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Әлжан МАМАТАЛИЕВ.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-ші кезеңі аясында ақылы қоғамдық жұмысқа 18 жастан бастап зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қабылданады. Дипломы бар ма, жоқ па маңызды емес. Тек жұмысқа ынтасы болуы шарт дейді қалалық сала жауаптылары. Ақылы қоғамдық жұмыс – уақытша жұмыс болып есептелінеді. Мерзімі – 1 жыл. Айлық жалақысы биылдан бастап 72 250 теңгені құрайды. Ал бұған дейін 51 мың теңге жалақы төленіп келген.
Дәурен БОЛЫС, Шымкент қалалық жүмыспен қамту орталығының бөлім басшысы: «Ағымдағы жылы бұл жұмыс түрімен 3 мыңнан астам азаматты орналастыру көзделсе, қаңтардан бері 1800 шымкенттік ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан. Былтыр 2020 жылы 2733 адамның орнына 5329 адам қамтылды».

Ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан азамат жолдамада көрсетілген мерзімнен бұрын екі-үш айда бір себептермен жұмыстан шығып кетсе, мұндай жұмысқа қайтадан тек 3 ай мерзім өткеннен кейін өтініш білдіре алады. Айта кететін жәйт, бос жұмыс орындары жайлы ақпаратты Еңбек. кз сайтынан білуге болады.

Шынар Оразова