Ақылы қоғамдық жұмыстарға 2000-ға жуық азамат жұмылдырылды

200

Шымкент қаласында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ-ші бағыты, яғни халықты жұмыспен қамту шаралары тиімді жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмыстарға жылдың басынан жоспардағы 3 мыңнан астам адамның 1873-і жолданған.

Жұмыспен қамтылған азаматтардың бірі – Ақтөре Айтуғанов. Қала тұрғыны «Халықтар достығы» университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ағымдағы жылдың қаңтар айында халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, ақылы қоғамдық жұмыспен Шымкент қаласының еңбек инспекциясы басқармасына жолданған.

– Оқуды бітіріп, дипломымды қолға алған соң мамандығым бойынша жұмыс табыла қойған жоқ. Бірде әлеуметтік желіде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы туралы жазбаны көзім шалып қалды. Ерінбей оқып, танысып шықтым. Жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеліп, қажетті құжаттарымды тапсырдым. Көп ұзамай қолыма жолдама алдым. Бұл менің мемлекеттік мекемедегі алғашқы қадамым. Тәжірибе жинақтап жатырмын. Жұмысым өзіме ұнайды. Айта кету керек, бұл бағдарлама мен сияқты жас мамандардың нағыз кәсіби маман болып қалыптасуына даңғыл жол ашады, – дейді А. Айтуғанов.

Өткен жылы ақылы қоғамдық жұмыспен 5000-нан астам адам жолданып, жылдық жоспар артығымен орындалған. Ақылы қоғамдық жұмыстар жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарымен ұйымдастырылады. Қоғамдық жұмыстар алдын ала кәсіптік даярлауды талап етпейді және қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды. Азаматтардың еңбекақылары халықты жұмыспен қамту орталығымен ай сайын төленеді.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметі